Отбасы

Зектілері

Америкалық әнші Бруно Марс қазақстандық шаштараз қыздың қолынан шыққан өз портретіне таңғалды

Жарияланған күні:

Бруно Марс
Фото: Instagram/brunomars

Адамның шүйде шашына танымал тұлғалардың портретін ойып салатын қазақстандық шаштараз қыз Меруерт Дәулетованың еңбегі әйгілі америкалық әнші Бруно Марстың назарына ілікті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Меруерт Даулетованың қолынан шыққан шаш үлгісіндегі өз портретін жоғары бағалаған әнші оны парақшасында бөлісті.

"Менің әнім шетелдерде де хит болған", - деп таңданысын жеткізді Бруно Марс желідегі парақшасында.

Осылайша Меруерттің қойған ерекше шаш үлгісін әншінің Instagram-дағы 25 миллионнан астам оқырманы көрді.

Қазақстандық шаштараз бойжеткен бұл портретті бір жыл бұрын жасағанын айтады.

"Әлеуметтік желінің құдіреті жетеді екен, Бруно Марс қазақстандық шаштараздың еңбегін жоғары бағалайды деп кім ойлаған?!", - дейді Меруерт Дәулетова.

Меруерт танымал тұлғалардың бейнесін келтіріп шаш қиюды 2018 жылы бастаған. Бірақ ол кезде ел назарына іліге қоймаған. Шебер бойжеткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өлең оқып, ақын бейнесін келтіріп шаш қиған видеосы арқылы көпке таныла бастады.

Айта кетейік, Меруерттің туындылары қатарында бұдан бөлек Әлихан Бөкейханов, Роза Бағланова, Димаш Құдайбергенов, Максим Ержан сынды танымал тұлғалармен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің портретін көруге болады.

"Мен алдыма шаш қидыруға келген адамдардың қалауын тыңдаймын, сосын өзім де бастама көтеріп, идеямды ұсынамын. Негізі өз басым елімізге еңбегі сіңген, ұлтына жаны ашып, ел қамын ойлайтын танымал тұлғалардың портретін салғанды ұнатамын", - дейді ол.

Стилисттің сөзінше, бір туындыға жұмыстың күрделілігіне қарай орта есеппен 40-50 минут жұмсалады.

"Негізі шабытыма байланысты. Бірақ шашқа сурет салу қағазға салудан әлдеқайда қиын екенін білесіз. Бір жерін дұрыс бейнелемесең, шашты қайта қалпына келтіре алмайсың. Сондықтан менің жұмысыма қырағылық пен ептілік қажет", - дейді барбер маманы.

Меруерт Қапшағай қаласында туып-өсіп, қазір Алматыда еңбек етуде. Бүгінде ол тек Қазақстан емес ТМД елдері бойынша осындай шаш үлгісін қоя алатын жалғыз барбер маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/beauty/1968617-amerikalyq-ansi-bruno-mars-qazaqstandyq-sastaraz-qyzdyn-qolynan-syqqan-oz-portretine-tangaldy/