RU

"Шаңырақ" бағдарламасымен үй алған Алматы тұрғыны қиындықтар туралы айтты

үй алу
Көрнекі фото: turkystan.kz

Алматы тұрғыны Шаңырақ бағдарламасымен баспаналы болуда кездескен қиындықтарды айтып берді. Ол KAZ.NUR.KZ порталының оқырмандарымен өз тәжірибесімен бөлісуді жөн көрген.

Алматылық Қабылқақ Аблахатұлы 2015 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Жергілікті атқарушы орган тізімінде болғандықтан ол бірден банкке өтінім тастайды. Қажетті құжаттарды өткізген соң, біраз күн ішінде банк өтінімге оң жауап қайтарған.

Алайда оған бағадарлама шартының сай келетін пәтерді табу оған оңайға түспепті. Жақында баспаналы болған ол өзіне бетпе-бет келген мәселелерді тізіп айтты.

1. Пәтерді бірінші рет пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйден іздеу керек

«Алматыда жаңа үйлерден пәтер табу оңай емес екен. Әлбетте табуға болады. Бірақ дайын пәтер жоқ, қазаншұңқыры енді қазылып, әлі салынып бітпеген үйлерді алуға болады. Ипотека мен жалдап тұратын пәтерге екі рет төлеуге тура келетіндіктен бағдарламаның осы шарты көптеген азаматтарға ыңғайсыздық тудырады», - дейді Қабылқақ.

2. Алматыда бағасы 18 миллион теңгеге дейінгі пәтер табу қиын

«Еліміз бойынша ең қымбат пәтерлер Алматыда екен. Соған қарамастан қалада бірінші рет пайдалануға берілген пәтерлер аз болып шықты. Қай құрылыс компаниясына хабарлассам да әлі қабырғасы да тұрғызылмаған тұрғын үйлерді сатып жатыр. Маған ондай нұсқа ұнамады. Көп іздеп, ақыры пәтерді таптым», - дейді алматылық тұрғын.

krisha.kz сайтының мәліметінше , Алматыда жылжымайтын мүліктің бағасы 2019 жылғы қазан айымен салыстырғанда 12,7 %-ға қымбаттап кеткен. Орта есеппен сатушылар бір шаршы метрге қазір 438 000 теңге сұрайды.

3. Пәтердің шаршы метрі ипотекага сатып алынса қымбатырақ болады

«Кейбір құрылыс компаниялары бір пәтерді үш түрлі бағаға сатады. Егер тұтынушы қолма-қол ақшаға алғысы келсе пәтер бағасы арзан, ал соманы бөліп төлесе сәл қымбатырақ, ипотекаға аламын десе – қымбат, кейде мүлде сатылмайтын болып шығады. Бұл – шындық», - дейді жақында баспаналы болған тұрғын.

4. Пәтерді ресімдеуге айтарлықтай сома қажет

«Пәтерді ипотекаға алу үшін басы артық ақшаңыздың болғаны жөн. Пәтерді тапқан соң оны ұстап тұру үшін сату бөліміне алдын ала ақша төлеу керек болады. Банк займды ұйымдастырғаны үшін комиссия алады. Пәтерді бағалату үшін де шығынданасыз. Көп құжатты нотариалды растау керек болады. Алматыда кейбір нотариустар келісім-шартты жасау қызметі үшін заңда көрсетілгеннен көп сома сұрауы мүмкін. Негізі пәтерді сату-сатып алу келісім-шарты Қазақстан Республикасының Салық Кодексі мен Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңымен реттеледі. Келісім шартты мемлекеттік тіркеу қызметінің құны 4 АЕК -ті құрайды», - дейді өз тәжірибесімен бөлісе келе Алматы тұрғыны.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын біз Қазақстандағы тұрғын үй бағасы ең қымбат қалалардың рейтингі жарияланғаны туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/finance/1881462-sayrak-bagdarlamasymen-j-algan-almaty-trgyny-kiyndyktar-turaly-ajtty/