RU

Алматыда марганцовканың құрбаны болған баланың ата-анасы халықтан көмек сұрайды

Алматыда жұтқыншағы мен өңеші күйіп қалған 6 жасар науқас шұғыл көмекке зәру. Әсет Кеншінбаев 4 жыл бұрын байқаусызда калий перманганатын ішіп қойып, дем алудан қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Содан бері 15 рет шетел асып, емделіп келсе де тыныс жолдары әлі қалыпты жұмыс істемейді. Қазір ол арнайы аппараттың көмегімен ғана тіршілік етіп жүр.

Нәбері 2 жасында тағдыр тауқіметін тартқан бала бұдан 4 жыл бұрын химиялық ұнтақты жұтып қойып, жұтқыншағы, көмейі және өңеші күйіп қалған. Содан бері ата-анасы науқас перзентімен бірге ауруханаларды жағалаумен келеді. Қазір Әсет 6 жаста. Кішкентайынан мүгедек атанған ол көмейіндегі арнайы құрылғысыз дем ала алмайды. Тіпті, сөйлеудің өзі баланың жанын қинайды екен. Ал, қою тамақ ішуді мүлдем ұмытқан.

"Кейде өңешіне тұрып қалады. Не әрі не бері кетпей қалады. Түнде 2-3 рет оянамыз. Кейде трубкасы бітеліп қалады тарылған кезде. Бір сөзбен айтқанда әйеліміз екеуіміз кезекпен күзетеміз", - дейді Әсеттің әкесі Қуандық Жиенбеков.

Елімізде өңешке ота жасалмайтындықтан, бүгінге дейін Түркиядан 15 рет ем-дом қабылдап келген. Шетелдік дәрігерлер алғашында толыққанды жабылып қалған өңешінің 30 пайызын ашып беріпті. Бірақ, жоғарғы тыныс алу жолдары сол күйі жабық тұр.

"Біреуіміз ауруханада, біреуіміз үйде қалған балаларға қарап тыңғылықты жұмысқа кірісе де алмай жатырмыз. Интернат арқылы сұрастырып, біліп жатырмыз. Оңтүстік Корея жақта 25 пен 35 мың доллардың арасы дейді. Израильде 65 мың доллар", - дейді Әсеттің әкесі Қуандық Жиенбеков.

Алайда, мұндай қаржыны көпбалалы отбасының қалтасы көтермейді. Шарасыз ата-ана Әсеттің құрдастары әне-міне мектеп табалдырығын аттағалы отырғанда, далаға шығуының өзі мұңға айналған перзентінің тағдырына алаңдайды. Сондықтан, ұлдарының емі үшін қайырымды жандардан көмек сұраудан басқа амалдары жоқ.

Отбасының телефоны: 8 707 197 06 30

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1048206-almatyda-margancovkanynh-qurbany-bol/