Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір аяғынан айырылған бойжеткеннің жүрек тебірентер жазбасы көпшілікті елжіретті (фото)

Опубликовано:

Желіде бір аяғынан айырылып, қатерлі дертпен күресіп келе жатқан бойжеткеннің жазбасы таралып кетті. Алматылық Надира Аухадиеваның қайсарлығы бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Бойжеткен Замана басылымына сұхбат беріп, өз басындағы оқиғамен бөлісті деп жазады NUR.KZ.

Надира Аухадиева
Надира Аухадиева: UGC

Алматылық Надира Аухадиева 8-наурыз мерекесі қарсаңында өзінің ғаламтордағы парақшасында ерекше жазба қалдырды.

Мәтіні мынадай: «Құрметті қазақ жігіттері! Әйелдер мерекесі қарсаңында сіздерге бір өтінішім бар: Маған заманауи сапалы протез сатып алу керек. Ал ол үшін маған сіздің 1 еуро немесе 400 теңге көлемінде сыйлық жасауыңызды сұраймын. Ашығын айтқанда, аталмыш протезді сатып алу үшін 400 теңге көлемінде садақа жасай алатын 27 мың 457 адам қажет. Бұл туралы барлық достарыңызға айтуды, бөлісуді сұраймын».

Бұл жазбадан соң Надираға жылы лебізін, шынайы тілегін білдірген кі­сілердің қатары күрт көбейді. Сондай-ақ оның бұл жағдайға қалай тап болғанын білгісі келетіндер де болды. Осы ретте біз оны әңгімеге тарттық.

Надира Аухадиева
Надира Аухадиева: UGC

«Мен 1987-жылы Жаркент қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ кейін Алматыға қоныс аударғанбыз, балалық шағым Алматыда өтті. Ауырғанға дейін «Алматы су холдинг» мекемесінде еңбек еттім, мамандығым – қаржыгер. Бірақ соңғы бес жылдан бері аты жаман ауру бойымды дендеп, сонымен күресіп келемін. Есебі жоқ тексерулер, операция, химиялық терапия... Ақыр соңында аяқтан айырылу... Мұның бәрі менің өмірімдегі ең қиын сәттерім, Құдай мұндайды ешкімнің басына бермесін деп ті­леймін», – дейді ол.

Надираның алдымен тізесі ауыра бастапты. Шыдатпағасын анасымен бірге хирургке көрінген. Олар алдымен ультрадыбыстық зерттеу жасатқан, соңынан онкологқа жолдама бер­ген. Ал қатерлі ісік ауруын емдейтін дәрігер Надираны бірден Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жібереді. Кеңес алу үшін. Ондағылар Надираның ауруының тым тереңдеп кеткенін ескеріп, әрі алған сараптама нәтижелеріне сүйене отырып, ауруханаға жатқызады.
Надира Аухадиева
Надира Аухадиева: UGC

«Биопсия нәтижесінде дәрігерлер маған оң жақтағы жамбастың ортаңғы деңгейінде экстрацикуляциясы деген диагноз қойды. Яғни менде қатерлі ісік бар деді олар. Ал оны шешудің ең қарапайым әдісі жамбас сүйегін протездеу деп айтты. Ол кезде мен ненің не екенін аса түсіне қоймадым. Ағзама темір салу деген мен үшін өте қорқынышты нәрсе болып көрінді. Себебі емделген ауруханада протез салған кейбір кісілердің тізесін бүге алмай қалғанын, енді бірінің аяғы екіншісінен кішірейіп кеткенін көретінмін. Осы жағдайды көрген соң мен дәрігерлерге протез салуға келісім бермедім. Ауруханадан шығып, емделудің басқаша әдістерін іздемек болдым», – дейді Надира Аухадиева.

Осылайша ол үш жыл уақытын бекерге өткізіп алыпты. Халық еміне жүгінген, емдеп жазамын деп құрғақ уәде берген тәуіпсымақтарға да талай мәрте шығынданған. Нәтижесінде жағдайы одан әрі нашарлап, ісіктің көлемі анағұрлым үлкейіп кеткен.

Надира Аухадиева
Надира Аухадиева: UGC

«2016-жылдың қыркүйек айында онкологтың қабылдауына бардым, олар аяққа ампутация жасайтынын айтты. Оны естігенде есімнен танып қалдым, – дейді кейіпкеріміз. – Содан шетелдік, нақтырақ айтсам, Израиль мен Кореядағы клиникаларға бармақ болдық. Ол үшін тіпті ақша мен құжаттарымызды да дайындап қойып едік. Бірақ аяқ астынан жағдайым күрт нашарлап кетті.

Сол күн менің есімде мәңгі сақталатын шығар. Таңертең оянсам, аяғым қанға малынып кетіпті. Тура фонтан секілді атқылап жатыр екен. Дереу «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханаға бардық. Ол жақтағылар анализ алды, рентгенге түсірді. Аяқты кесу керек деді. Ақырында осылайша оң аяғымнан айырылып қалдым».

Содан бері Надираның өмірі түбегейлі өзгеріп сала беріпті. Бұрын­ғыдай істейтін жұмыс жоқ, жүріп-тұру қиындаған. Ол адамдардың мүсіркей қарағанына бастапқыда күйініп жылаумен болыпты. Кейін ата-анасының, інісінің қамқорлығының арқасында Надира қыз тағдырына мо­йынсұнады.

Надира Аухадиева
Надира Аухадиева: UGC

Аяғынан айырылғасын оған гистологиялық талдама жасалған екен. Мамандар Надирада өте сирек кездесетін қатерлі сүйек рагы барын анықтап, 4 рет химиялық терапия қабылдатады.

«Бұл жағдай менің өмірімдегі ең ауыр кезең болды, – дейді ол. – Мүгедектігіме байланысты маған мемлекет тарапынан тегін протез берілген. Бірақ ол киюге тым ыңғайсыз әрі ауыр болды. Қозғалуым қиын. Сондықтан мен қазір балдақтың көмегімен жүріп – тұрамын. Әлі де ем қабылдауды жалғастырып жатырмын. Алла бұйыртса, жағдайым жақсарады деген үмітім бар.

Надираға көмек көрсетем деушілер төменгі реквизитке ақша аударғаны жөн:

«Қазкоммерцбанк» – 4003 0327 8606 4735;

«Халық банкі» – 4390 8782 6255 0931;

«Каспий банк» – 5169 4931 9616 9000;

«Киви-әмиян» – +7 747 245 90 54.

ЖСН: 871227400340

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1722556-bir-aagynan-ajyrylgan-bojzetkenni-zrek-tebirenter-zazbasy-kpsilikti-elziretti-foto/

pixel