"Еркектер көбіне жүректен кетеді": Отандық дәрігер жүрек ауруынан көз жұматындар көбейгенін айтып, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Қазақстанда жүректің ишемиялық ауруы салдарынан көз жұматындар саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі сәтте Қазақстанда, сондай-ақ, бар әлемде жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім бірінші орынға шықты. Әсіресе, жүрек ауруынан ер адамдар көп зардап шегеді. Бұл туралы А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығының кардиология, аритмология және эндоваскулярлық хирургия бөлімінің рентгенохирург дәрігері Бауыржан Орманов мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бауыржан Орманов дәрігер болуды бала күніне армандаған. Өйткені, оның ата-анасы да ақ халатты жандар болатын. Бүгінде А. Сызғанов атындағы ғылыми хирургиялық институтта еңбек ететін ол жүрек ауруларына шалдыққандар саны жыл сайын артып жатқанын айтады.
"Қазіргі таңда әлемдегі және Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себебі – қанмен қамтамасыз ету жүйесінің аурулары. Оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы салдарынан өлім-жітім бірінші орында тұр.
Бұл аурудан көп жағдайда ер адамдар зардап шегеді. Қазақстанда аурудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, ХХІ ғасырдың өткен жылдарында 2,4 есеге артты. 2001 жылғы 6775-тен 2017 жылы 100 мыңға өсті.
Жүрек аурулары туралы жалпы айтатын болсақ, жас көрсеткіш емес. Себебі, балалар да жүрек патологияларынан зардап шегеді. Мысалы, туа біткен жүрек ақаулары, кардиопатия және тағы да басқа дерттер балаларда кездесіп жатыр.
Біздің орталықта жүрекше аралық қалқаның ақауы, қарынша аралық қалқаның ақауы, ашық артериялық өзек, туа біткен ангиодипслазия сиқты туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға ота жасалады", - дейді дәрігер.
Сонда-ақ, Бауыржан Орманов жүрек ауруларына әкелетін ең басты себептерді де атап өтті.
"Жүректің ишемиялық ауруының негізгі себебі – жүрек қантамырларының атеросклерозы. Бұл артық салмағы бар, шылым шегетін немесе бұрын шылым шеккен, аз қозғалысты өмір салты (гиподинамия), өмірінде немесе жұмысында күйзеліске жиі шалдығатын адамдарда болады.
Сондай-ақ, әйел адамдар да бізге жүрекпен келіп жатады. Бұл әйелдердің ер адамдармен қатар ЖИА-ның пайда болуына әсер ететін жағдайда жұмыс істеуіне байланысты болуы мүмкін. Аз қозғалысты жұмыс, шылым шегу және күйзеліс.
Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында салауатты өмір салтын ұстанып, майлы астан, шылым шегуден бас тарту керек, жасұныққа толы азық-түліктерді (балық, жаңғақ, өсімдік текті майлар) тұтыну қажет, белсенді түрде физикалық жаттығулармен айналысу керек", - дейді ол.
Дәрігер қазіргі таңда жүрек ауруларының эпидемиясы жүріп жатқанын да жасырған жоқ.
"Көптеген шетелдік сарапшылардың пікірінше, қазір жүрек-қантамыр ауруларының эпидемиясы жүріп жатыр. Біз оны тоқтата алмаймыз, жастар талмадан және инсульттен көз жұмуда. Бұл адамның әлеуметтік-экономикалық қызмет аясындағы өзгерістерге байланысты деп ойлаймын. Бүгінгі таңда адамдар созылмалы күйзелісте өмір сүреді. Әсіресе, жастар.
Олар үнемі баспана, жалақысы жоғары жақсы жұмыс іздейді, алайда ең басты байлық – денсаулық туралы ұмытып кетеді. Кейінгі 20 жылдың ішінде тамақтану рационы да өзгерді – жылдам тамақтану орындары көбейді. Ал мұндай жерде негізінен зиянды тағамдар.
Сондай-ақ халықтың «дәрігерге баруды кейінге қалдыра беретін» менталитеті де өз рөлін ойнайды. Олар жүректегі ауру өздігінен басылады деп шыдайды, өз беттерінше емделумен айналысады. Өкінішке қарай, ауырсыну және демікпе төзгісіз болған жағдайда дерт әбден асқынып кетеді. Бұрын 60 жастан асқан науқастарға ота жасасақ, қазір ЖИА-ға шалдығушылар жасарып келеді деуге болады. Коронарлық артериясына тамыр протезін – стент орнатқан ең жас науқас 28-де болды", - деді дәрігер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1926768-erkekter-kobine-zurekten-ketedi-otandyq-dariger-zurek-auruynan-koz-zumatyndar-kobeigenin-aityp-dabyl-qaqty/