"Ұлым қатарынан қалып барады": Саусақтары өзгеріп кеткен атыраулық он жасар баланың анасы жанайқайын айтты

Опубликовано:

Саусақтары өзгеріске ұшыраған бала
Ералы Нұрхатұлы. Фото: жеке мұрағат

Атырау облысы Құрманғазы ауданынының 10 жасар тұрғыны Ералы Нұрхатұлы төрт жылдан бері қауіпті ісікпен күресіп келеді. Ол саусақтарындағы ісікті емдету үшін елордада екі рет ота жасатты. Десе де, қолындағы ісіктің беті қайтар емес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мектепте алаңсыз білім алып жүрген Ералының өмірі күрт өзгерді. Себебі, 2018 жылы оны қолы мазалай бастады. Сол қолынан ісік байқаған ата-анасы дереу дәрігерге барады. Ал атыраулық ақ халаттылар оқушыны Нұр-Сұлтан қаласына емдеуге жібереді.

"Елордадағы "Ана мен бала" орталығында бірнеше рет ота жасаттық. Дәрігерлер ісікті тазалап алып тастаса да, дерт қайталанып тұр. Ұлымның диагнозы – сол жақ қолының үшінші және төртінші саусақ сүйегіндегі қатерсіз ісік. 2018 жылы бір саусағы ғана зақымданған болатын. Қазір ісік төрт саусағына өтіп кетті. Қолы қимылдаудан да қалды. Өз еркімен ештеңе ұстай алмайды, сол қолына кенеттен тиіп кетсең, жанұшыра жылайды. Ұлымның мұндай қалпын көру менің ана жүрегіме ауыр", - дейді Ералының анасы Мейрамгүл.

10 жасар бала саусақ сүйектерінің дертіне ұшырады
Ералының ісік шалған саусақтары. Фото: жеке мұрағат

Еліміздегі ота нәтижесі көңіл көншітпеген соң, ата-анасы түркиялық дәрігерлерден кеңес алған. Олар ота құнын 11 миллион теңгеге бағалап отыр.

"Ұлым қолының формасы өзгеріп кеткенінен қатты ұялады. Мектепке де барғысы келмейді. Біріншіден, қатарластарынан қысылады. Екіншіден, саусақтары қозғалыссыз қалды. Түркияның Стамбул қаласындағы "Аджибадем" емханасына апарып, гистологиялық тексеруден өткіздік. Олар ұлымның саусақ сүйектерін жөнге келтіреміз деп отыр. Операция құны – 11 миллион теңге. Бұл біздің қарапайым отбасымыз үшін қалта көтермейтін қаражат. Ұлымның қатарынан қалмай, құлан-таза айығып кетуіне көмектесіңіздерші. Бұлай жүре берсек, оның дерті қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін. Барша мейірімді жандардан көмек сұраймыз", - дейді Мейрамгүл.

Шамардан Ералы Нұрхатұлына көмектесем деушілер үшін реквизиттер:

Kaspi bank

Карта номері: 44 00 43 01 14 74 07 87

Тел: 8 705 632 78 88, Мейрамгүл Ж.

Halyk bank

Карта номері: 43 90 87 22 02 22 60 74

Тел: 8 705 632 78 88, Мейрамгүл Ж.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1968316-ulym-qatarynan-qalyp-barady-sausaqtary-ozgerip-ketken-atyraulyq-on-zasar-balanyn-anasy-zanaiqaiyn-aitty/