Шұбаттың көпке беймәлім қасиеттері туралы не білесіз
Опубликовано:

Қазақ халқында әлемнің ешбір супермаркеті мен азық-түлік дүкенінде сатылмайтын тағамдары мен сусындары бар. Солардың бірі – шұбат. Осы орайда ғалымдар шұбаттың теңдессіз құрамын анықтап, пайдалы сусынды не себепті бес күннен артық сақтауға болмайтынын зерттеп көрді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ-тің бүгінгі материалынан оқи аласыздар.
Шұбат қандай сусын?
Қазақ халқы жаз мезгілінде жиі пайдаланатын сусындардың бірі – шұбат. Оның құрамындағы пайдалы дәрумендер ежелден зерттелген әрі ғалымдар теңдессіз сусынды күні бүгінге дейін зерттеп келеді. Қазақтар шұбатты "шал" деп те атаған.
Сусынды түйе сүтінің негізінде даярлайды. Шұбаттың антиаллергендік әрі антидиабеттік құрамы туралы белгілі ғалым, терапевт Дэн Бреннан айтқан еді. Оның айтуынша, шұбаттың түсі ақ және ол қымызға қарағанда қою әрі майлы болады екен. Шұбаттың үш түрі болады:
- Балғын – 1 күн;
- Күштілігі орташа сусын – 2 күн;
- Күші шұбат – 3 күн.
Алматы технологиялық университетінің зерттеушісі Э.К.Әсембаева мен оның әріптестері шұбатты дайындаудың технологиялық процесін зерттеп көрген:
1. Түйенің балғын сүті мен ашытқыны араластырып, ағаш ыдысқа немесе теріден жасалған қапқа құяды.
2. Ыдыстың аузын мықтап жауып, сусынды шамамен 7 сағатқа қалдырады.
3. Шұбатты тек ішердің алдында ғана араластырады.
Сусын дайын болған соң, оның бетіндегі майын да алуға болады. Нәтижесінде тәтті сусын пайда болады. Түркменстанда бұл сусынды агаран деп атайды екен. Оны түркмен халқы коктейльдер мен десерттер дайындауға пайдалатын көрінеді.
Шұбатты сақтау мерзімі өте қысқа. Тоңазытқыш болмаса, дайын болған күннің келесі күні шұбат ашып кетеді және ішуге жарамсыз болып қалады. Шамамен 5 күн бойы сусынды +5°С-қа дейінгі температурада сақтауға болады. Сол себепті аталған сусын экспортталмайды және оны дүкен сөрелерінен көп көрмейсіз.

Шұбаттың пайдасы қандай?
Өзінің құрамы бойынша шұбат сиыр сүтіне қатты ұқсайды. Оның құрамында амин қышқылдары бар, соның арқасында шұбат майы мен холестерині аз болып келетін ақуыздың таптырмас көзіне айналады. География ғылымдарының кандидаты Светлана Владимировна Могилюк шұбат құрамындағы көптеген минерал мен дәрумендер есебінен денсаулыққа өте пайдалы деп есептейді:
- Құрамында кальций мен фосфор болғандықтан, сүйек талшықтары нығаяды.
- D дәрумені ересектерде остеопороздың, ал балаларда рахиттің алдын алады.
- Калий мен магний жүрек бұлшық еттерінің жұмысын жақсартады.
- Аскорбин қышқылы (С дәрумені) иммундық жүйені күшейтіп, ағзаны қорғау қызметін жақсартады.
- В дәрумендері тобы жүйке жүйесін ретке келтіріп, түнде ұйқы қашудың, тез шаршаудың алдын алады.
Табуси Манаер атты ғалым мен оның әріптестері шұбаттың антидиабеттік қасиеті бар екенін алға тартады – сусын қандағы глюкоза мөлшерін азайтады екен. Шұбат өт жолдары мен бауыр қызметінің бұзылуында пайдалы, сондай-ақ авитаминоз бен диабеттің алдын алып, ағзаны қалпына келтіруде таптырмас пайдалы құрал болып саналады.

Шұбатты кімге ішуге болмайды?
Шұбат кей жағдайларда зиянды болуы мүмкін:
- Мысалы кей адамдардың осы сусынға аллергиясы болуы ықтимал, сол себепті бірінші рет дәмін татқан уақытта, сақ болған жөн.
- Ішек микрофлорасы бұзылған уақытта жылы шұбатты ішуге кеңес берілмейді. Мұндай жағдайда ол құрамындағы көптеген белсенді заттың салдарынан диареяны одан ары күшейтеді.
- Шұбаттың майлылығы 8%-ға жететіндіктен, оны артық салмақ қосуға бейімі бар адамдарға ішуге болмайды.
Десе де шұбат құрамы көптеген дәруменге бай теңдессіз сусын болып табылады. Қазақ халқы оны әзірлеу жолдарын күні бүгінге дейін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп сақтап келе жатыр. Шұбатты орнымен пайдаланса, ол денсаулықты күшейтіп, адам ағзасына зор пайдасын тигізеді.
Назар аударыңыз! Материал тек танымдық мақсатта ұсынылып отыр. Жоғарыда аталған кеңестерге дәрігер рұқсатынсыз қолдануға болмайтынын естен шығармаңыз!
Дереккөздер:
- Асембаева Э.К., Велямов Т.М., Сейдахметова З.Ж., Нурмуханбетова Д.Е. Изменение составных частей верблюжьего молока при ферментации // Известия Национальной Академии Наук Республики Казахстан. Серия аграрных наук. №4(34) — 2016. — Қолжетімділік режимі: http://repository.atu.kz/xmlui/bitstream/handle/123456789/1102/%D0%98%D0%B7%D0%B2%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B8%D1%8F%20%D0%9D%D0%90%D0%9D%20%D0%A0%D0%9A%2C%20%D0%90%D0%B3%D1%80_04_2016.pdf?sequence=1&isAllowed=y
- Могилюк С.В. Шубат. Благотворное влияние на организм. Перспективы использования // Қолжетімділік режимі: https://ecomuseum.kz/upload/Mogiluk_Shubat_RU_f48c6_1.pdf
- Dan Brennan. Camel Milk: Are There Health Benefits? // WebMD. — 2020. — 17 December. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/diet/health-benefits-camel-milk
- Tabusi Manaer, Lan Yu, Yi Zhang, Xue-Jun Xiao, Xin-Hua Nabi. Anti-diabetic effects of shubat in type 2 diabetic rats induced by combination of high-glucose-fat diet and low-dose streptozotocin // J. Ethnopharmacol. — 2015. — 01 July. — Қолжетімділік режимі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/25922265/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1984842-subattyn-kop-adam-bile-bermeitin-qasietteri-turaly-ne-bilesiz/