"Сұлу қызым солып барады": 20 жастағы қызы өлім аузында жатқан қызылордалық көпбалалы ана жанайқайын айтты

Опубликовано:

Диана Мирамхан
Диана Мирамхан. Фото: Жеке мұрағаттан

Ғазиза Боранбаева Қызылорда қаласындағы көпбалалы аналардың бірі. Ол жолдасымен бірге төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Айрандай ұйып отырған жанұя соңғы бір жылда ауыр сынаққа тап болған. Өйткені, үйдің үлкен қызы Диана Мирамхан қатерлі дертке шалдыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ғазизаның айтуынша, қызының денсаулығы былтыр шілдеде сыр берген. Университетте оқитын Диананың сол құлағы бірден естімей қалған.

"2021 жылы басталды бәрі. Ешкімге қол жаймай, ел қатарлы өмір сүріп жатқан жанұя едік. Үлкен қызым Диана аяқ астынан ауыр дертке ұшырады. Дәрігерлер оның басында қатерлі ісік барын анықтады. Бізге мұндай сынақ неге берілгенін білмеймін, бірақ, соңғы бір жылда қызымызды құтқару үшін бармаған жеріміз жоқ. Басындағы ісік құлаққа өтіп, Диана алғашында естуден қалды.

Алдымен Нұр-Сұлтан қаласында ота жасадық. Отандық дәрігерлер қолдан келгенін аямаса да, ісік толық алынбады. Себебі, ол қабыршаққа жабысып тұр екен. Кейін МРТ түсіргенде ісіктің қайта дендегенін көріп, Түркияға бару үшін қаражат жинадық. Бірнеше банктен кредит алып, тума-туыстан қаражат жинап, бар дүниемізді сатып, отаға барып келдік. Бірақ қатерлі дерт толығымен кетпей тұр. Мойны мен жұлынына өткен", - дейді Ғазиза.

Диана Мейрамхан биыл Қызылордадағы Қорқыт ата университетінің төртінші курсында оқуын жалғастыруы керек еді. Алайда ол қатарластары секілді ойнап-күліп жүре алмай, төсекке таңылуға мәжбүр. Динаның бұрынғы қалпына оралуы үшін оған 30 мың доллардай қаражат қажет. Анасы көмек сұрап, бармаған жері қалмағанын айтады.

"Сұлу болып өсіп келе жатқан қызымның солып бара жатқанын көру маған өте ауыр. Қазір бізге 30 мың АҚШ доллары қажет. Түркияға барып ота жасатпасақ, қызымның жағдайы ушығып барады. Біз сияқты көпбалалы отбасында мұндай қаражат жоқ", - дейді жанұшыра көмек сұраған ана.

20 жастағы Диана Мирамханға көмектесем деушілер үшін реквизиттер:

Kaspi Gold: 8 708 417 23 04

Kaspi Bank: 4400 4301 6850 1028

Халық банк: 4405 6398 1114 9739

Мирамхан Диана Ғалымжанқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1985817-sulu-qyzym-solyp-barady-20-zastagy-qyzy-olim-auzynda-zatqan-qyzylordalyq-kopbalaly-ana-zanaiqaiyn-aitty/