Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде 670 балалар оңалту орталығы МӘМС аясында қызмет көрсетеді

Опубликовано:

Медицина
Фото: "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері елімізде медициналық оңалту да дами бастады. 2020 жылы бұл бағытта 28 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылы 45,1 млрд теңге бөлінсе, осы жылға 66,1 млрд теңге қарастырылған.

Қаржы көлемінің жыл сайын артуы жаңа оңалту орталықтарын, медициналық ұйымдарда оңалту бөлімдері мен кабинеттерін ашуға серпін берді. Сондай-ақ балалар оңалту орталықтарына деген сұраныс қашанда жоғары. Ата-аналар әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында бұл қызметтің шарапатын көрудеміз дейді.

Оңалту бұрын тегін медициналық көмек пакетінде болды, бірақ қаржы тапшылығына байланысты толыққанды көрсетілген емес. Ал, МӘМС енгізілгеннен кейін қызмет түрлері мен сапасы да артып, жаңа технологиялар енгізілді.

Бүгін медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін оңалту орталықтарының бірі - балаларды оңалту мен ерте араласу қызметтерін ұсынатын "Жұлдызайға" барудың сәті түсті. Мұнда церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балалар оңалтудан өтеді. Орталық түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтерін ұсынады. 2013 жылы неврологиялық бағыт бойынша жұмысын бастаған "Жұлдызай" балалар оңалту орталығы еліміздің төрт ірі қаласында жұмыс істейді. Олардың екеуі елордада, Алматыда, Атырауда және биыл Шымкентте ашылған. Мекеме басшысы Ұлжалғас Медетқызы медициналық сақтандыру енгізілгелі оңалту орталықтарына деген сұраныстың айтарлықтай артқанын айтады. Биыл 6 айда осы орталықта 960 бала ем қабылдаған.

"Медициналық сақтандыру жүйесі ерекше күтімді қажет ететін балалары бар ата-аналарға үлкен көмек болып отыр. Себебі олар кешендік оңалтуды ақылы алған жағдайда, бір балаға 385 мыңдай шығар еді. Бұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндігі белгілі. МӘМС енгізілгелі бері олар оңалтудан тегін өтеді", - дейді Ұлжалғас Мұхамбетова.
Медицина
Фото: "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
"Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі медициналық оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі бірнеше есе өсті. Соңғы екі жылды алар болсақ, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында 42 мың бала 6,9 млрд теңгеге ем қабылдаған. Ал осы жылдың 6 айында 8 млрд теңгеге 44 мың бала оңалтудан өткен. Яғни жарты жылдың өзінде былтырғыдан көп бала ем қабылдап жатыр. Қазір Қазақстанда 670 балалар оңалту орталығы МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетеді", - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаменті директорының орынбасары Жанар Ботагарина.

Айта кету керек, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен сақтандырылған. Олар МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық спектрін алуға құқылы. Соның ішінде медициналық оңалту да бар. Бұрын ата-аналар балаларын порталға қойып, оңалтудан өту үшін кезегін айлап күтетін. Қазір олар оңалту қызметтерін көрсететін мекемені таңдап, учаскелік дәрігердің жолдамасымен барады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі оңалту орталықтарында медициналық аппараттар саны, емдеу тәсілдері көбеюде. Себебі балаларды емдеп, аяққа тұрғызып қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеу де маңызды. "Жұлдызай" оңалту орталығы да заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемнің үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Мамандар аурудың ерекшеліктерін ескеріп, әр баланы қалпына келтірудің жеке бағдарламасын жасайды. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары, атап айтқанда арнайы техникалық құралдар, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер пайдаланылады.

Медицина
Фото: "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ

Заманауи аппараттардың тілін ең алдымен қызметкерлер бес саусақтай білуі тиіс. Орталық басшысы олардың білімін арттырып отыру үшін шетел мамандарын шақыртып, 5 орталықтың жұмыскерлерін бір жерге жинап дәріс өткіземіз, тәжірибе алмасамыз дейді. Баланы неғұрлым кішкентай кезінен оңалтудан өткізу және терапия түрлері бойынша оқытуға Қытай, Германия, Балтық елдері және Ресей ғалымдары келген.

Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.

Сонымен қатар, "Жұлдызай" орталығының өз салты бар. Алған емнен кейін аяққа тұрған баланың міндетті түрде орталықта тұсауы кесіледі. Сондай пациенттердің бірі – Інжу Жаңбырбаева. Анасының айтуынша, жеті айында неврология бөлімінде бір ай емделіп, оған церебральды сал ауруы, спастикалық диплегия диагнозы қойылған. Бір жарым жасынан оңалту орталығына үзбей келіп жүр. Қазір алты жаста. Ол оңалту орталығына келгенде басын мықтап ұстауды, кейін отырып, еңбектеуді үйренді. Ал үштен асқасын қадамдар жасай бастаған. Қазір Інжу ешкімнің көмегінсіз жүріп жүр. Бұл қажырлы еңбек пен командалық жұмыстың нәтижесі.

Медицина
Фото: "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ

Бұдан бөлек, "Жұлдызай" оңалту орталығы 2021 жылы кардио-оңалтуды қолға алды. Балақайлар отадан кейін стационарда оңалтудың 1-2-ші кезеңін өткен соң, 3-ші кезеңге осында келеді. Былтыр орталықта 1 жылда 30 бала оңалтудан өтсе, биыл 6 айда еліміздің түпкір-түпкірінен 56 бала келді. Олардың бірі Қарағанды облысы, Нұрлы ауылынан келген Әзімхан Жолкелді. Оған екі жасында өкпе гипертензиясы, туа біткен жүрек ақауы диагнозымен шұғыл операция жасалған. Анасы бұндай заманауи аппараттар барлық жерде кездесе бермейді, оған қоса баланың денсаулығы жақсарғанша көп жұмыс жасалады дейді. Әсіресе, "Ормед-кинезо" аппараты – омыртқа қисаюы, өкпе гипертензиясы кезінде, аяқ-қолдың белсенді қозғалуына жақсы септігін тигізетінін айтады.

Орталық кардиологы Динара Нажатқызының айтуынша, Әзімхан бастапқыда 250 метр ғана жүре алды. Ентігіп, тез шаршап қалатын дейді. Ал толық курстан соң бала айтарлықтай қарқын қосқан.

Егер пациенттің динамикасы жақсы болса және ем қабылдау барысында қарқын қоса бастаса, бала орталықта келесі айға қалдырылады. Яғни әр пациентті жеке емдеу тәсілі қолға алынады. Дәрігерлермен бірге әр баланың анасы да белгілі бір мақсатқа жету үшін тынбай жұмыс істейді.

Оңалту орталығы мамандарына одан әрі өркендеп, балаларды емдеу жолындағы қызметтеріне табандылық пен төзімділік, ал ата-аналарға шыдамдылық тілейміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1989165-elimizde-670-balalar-onaltu-ortalygy-mams-ayasynda-qyzmet-korsetedi/

pixel