Адамның күш жинап, сергуі үшін түнде қай уақытта және қанша сағат ұйықтау керек
Жарияланған күні:
Психотерапевт және сомнолог маман Александр Калинин көптеген ауруға қарсы тұратын мелатонин гормоны дұрыс бөліну үшін қай уақытта және қанша сағат ұйықтау керегін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Вечерняя Москва" басылымына сілтеме жасап.
Ұйқы – біздің өміріміздің өте маңызды және ажырамас бөлігі. Бұл ағзаның жұмысын қалпына келтіруге және ауыр жұмыс күндерінен кейін адамның демалуына мүмкіндік береді.
Дегенмен, көптеген адамның кеш ұйықтау әдеті – олардың жеткілікті ұйықтауға және ағзаны көптеген ауруға қарсы тұратын мелатонин гормонымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бұл әсіресе мегаполис жағдайында уақыт тапшылығымен де байланысты, дейді маман.
Сомнолог Александр Калининнің айтуынша, ағзаның демалуына, адамның күш жинап, сергуіне көмектесетін маңызды гормон – мелатонин түнгі ұйқы кезінде ғана бөлінеді.
"Біз, шын мәнінде, осы гормон үшін ғана ұйықтаймыз. Бұл гормон біздің ағзамызда тек белгілі бір уақытта яғни кешкі сағат 20:00 мен таңғы үш аралығында бөлінеді. Дәл осы уақытта бұл гормонның бөлінуіне жауап беретін мидағы без жұмыс істей бастайды", – дейді ол.
Сомнологтың сөзінше, мелатонин қараңғыда бөлінеді, түнгі сағат 23:00-ден түнгі 2:00-ге дейін өте белсенді болады.
Маманның айтуынша, осы аралықта тыныққан адам қажетті энергиямен толысып, жеткілікті деңгейде күш қуат алады.
"Схема өте қарапайым: сіз 22:00-де ұйықтауыңыз керек, сонда сағат 23:00-ден бастап терең ұйқы фазасы басталады. Бұл режимде яғни 4-5 сағаттық ұйқы ағзаның қалпына келуіне және мелатониннің қажетті мөлшерін алуға мүмкіндік береді", – дейді Александар Калинин.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1994617-adamnyn-kus-zinap-sergui-usin-tunde-qai-uaqytta-zane-qansa-sagat-uiyqtau-kerek/