Жануардың ағзасын адамға салуға бола ма
Жарияланған күні:
Қазіргі таңда медицинаның, ғылым мен технологияның едәуір дамуының арқасында жануарлардың ағзаларын адамға транспланттауға қол жеткізілді. ҚМДБ бұл туралы діндегі үкімнің қандай екенін айтты.
Әралуан түрге жататын тіршілік иелерінің ағзасын немесе тінін бір түрден екінші түрге ауыстыру медицинада ксенотранспланттау деп аталады.
Ксенотранспланттауда еті желінетін және желінбейтін жануарлардың ағзаларын адамға ауыстыру деген екі түрі бар.
Еті желінетін жануарлардың ағзасын адамға ауыстыру.
Ғалымдар трансплантацияның бұл түріне рұқсат береді. Тек еті желінетін жануарлар шариғат бойынша бауыздалуы тиіс әрі оның ағзасының адамға нақты пайдасы тиюі шарт. Өйткені бұл емделудің бір әдісіне жатады. Алла Тағала Құранда: "Ол (Алла) Сендер үшін төрт түлік малды жаратты. Оларда (түліктерде) сендер үшін жылу беретін (жүн, тері, қыл) және (басқа да) пайдалар бар һәм оларды жейсіңдер", – дейді ("Нахл" сүресі, 5-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Ақиқатында, Алла ауру мен дертті жіберді. Сондай-ақ әрбір дертке дауа (шипа) берді. Ем іздеңдер және емделіңдер. Бірақ хараммен емделмеңдер", – деген (Әбу Дәуід, №3874).
Фатауа әл-Һиндия кітабында "Қой, сиыр, түйе, жылқы және одан басқа жануарлардың сүйегін емделу мақсатында қолданудың оқасы жоқ. Тек адам және доңыздың сүйегін пайдалануға болмайды" делінген (Фатауа әл-Һиндия, 5-том, 434-бет).
Өлексе және шошқа секілді таза емес жануарлардың ағзаларын адамға транспланттау.
Ғалымдар доңыз және тағы басқа лас жануарлардың ағзасын адамға ауыстыруға тыйым салған. Имам ән-Науауи (Алла оны рақымына алсын): "Егер бір адамның сүйегі сынса, оны таза жануардың сүйегімен алмастыру керек. Таза жануардың сүйегі бола тұра, нәжіс жануардың сүйегін салуға болмайды", – деген (Әл-Мажмуғ кітабы, 3-том, 145-бет).
Алайда транспланттаудың бұл түріне төмендегі шарттар орындалған жағдайда ғана рұқсат етіледі:
1) Аса зәруліктің болуы. Яғни оның орнын басатын таза баламасы жоқ әрі сенімді, білікті медицина мамандарының шешімімен науқас адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы һәм емі болуы тиіс. Бұл фиқһ бойынша мына қағидаға негізделеді: "Зәрулік жағдайында тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі" (Ибн Нужайм, әл-Ашбаһ уә ән-Назаир кітабы, 85-бет).
2) Жануар ағзасын салудың науқас адамға пайдасы тиетініне көз жеткізу. Яғни науқасты босқа қинамау қажет. Фиқһ ережесінде "Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды" делінген (Әли Хайдар, Дурару әл-хуккәм шарху мәжәлләти әл-әхкәм, 19-бап. 1/36).
Мекке қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 8-отырысындағы қарарда: "Еті желінетін жануар шариғат бойынша бауыздалса, ағзасын алып, адамға транспланттауға рұқсат. Ал таза емес жануардың ағзасын адамға транспланттауға зәру жағдайда ғана рұқсат етіледі",–делінген (Ислам фиқһы академиясының қарарлары, 158-бет).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1995291-zanuardyn-agzasyn-adamga-saluga-bola-ma/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.