Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті
Опубликовано:

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Өткен тәулікте еліміз бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырған 200-ден астам адам тіркелген, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі ресми Telegram-арнасында.
Ведомство атап өткендей, 7 желтоқсанда коронавирус инфекциясы еліміздің 219 тұрғынынан анықталған. Айта кетерлігі, желтоқсанның басында бір тәулікте COVID-19-ды жұқтырғандар саны 162-ге жетсе, 4 желтоқсанда бұл көрсеткіш 114 адамға дейін төмендеген болатын.
Министрліктің мәліметінше, қазір ел ауруханаларында коронавирустан емделіп жатқан тұрғындар саны 234-ті құрайды. Бұдан бөлек 1322 амбулаторлық ем алып жатыр.
Сонымен қатар 8 адамның жағдайы ауыр, 4 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Тағы 4 науқас өкпені жасанды желдету апартында жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында алғаш рет коронавирустың "Цербер" штамы тіркелгендігін мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2000626-elimizde-koronavirus-zuqtyrgandar-sany-kurt-osti/