"Салмағы небары 36 келі": Алпысқа таяған тараздық азамат үш жылдан бері күрескен жұмбақ дерттің жауабын тапты
Жарияланған күні:
Тараз қаласының тұрғыны Жанәлі Бекмаханов үш жылдан бері белгісіз дертпен арпалысып келеді. 57 жастағы азаматтың салмағы - 36 келі. Даусы шықпай, құр сүлдері қалған науқастың жағдайын "Дау дамайсыз" бағдарламасы біліп көрді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жанәлі Бекмаханов жанын мазалаған дертті таба алмай, редакция ұжымына 2021 жылы хабарласыпты. Араға бір жыл салып журналистер Жанәлінің жағдайын сұрап келген.
Науқастың жұбайы Салтанат Оразбақованың айтуынша, ешбір дәрігер Жанәліге нақты диагноз қоя алар емес.
"Дәрігерлер қарамайды. Қараған жағдайда қандай ауру екенін таба алмайды. 2012 жылы жолдасым алты ай ауруханада жатты. Кейін дәрігерлер туберкулезден жазылғанын айтып, шығарып жіберді. Зейнетке мерзімінен бұрын шығару үшін барлық жерге бардық. Ешкім бізді тыңдамады", - дейді Жанәлінің жұбайы Салтанат Оразбақова.
Жанәлі Бекмаханов үш жыл бойы жұмбақ аурудың кесірінен үйінен шықпаған. Ол үшін он қадам жасаудың өзі мұң. Қатты арықтық салдарынан даусы шықпай қалған отағасының жағдайы әйелін де қатты алаңдатады.
"Күйеуім үшін қатты қорқамын. Өзім де екінші топ мүгедегімін. 50 мың теңге жәрдемақыға күн көріп отырмыз. Жақын жердегі кафелерде қосымша табыс болуы үшін ыдыс жуамын. Үйден кетерде көршілерге жолдасымды қатты тапсырамын. Кейде екеуміз қосылып, қатты жылап аламыз", - дейді науқастың жұбайы.
Бағдарлама жүргізушісі Жазира Бегалы қалалық ауруханаға барып, науқасқа неліктен дұрыс диагноз қойылмағанын сұрады. Осыдан соң ақ халаттылар дереу қимылдап, Жанәлі Бекмахановқа "Өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы" диагнозын қойды. Содан соң науқасты толығымен бақылауға алатынын мәлімдеген.
Осы жағдайдан соң арада төрт ай өткенде "Дау дамайсыз" бағдарламасы Жанәлінің жағдайын тағы да сұрап барды. Бірнеше рет үздіксіз ем алған Жанәлі Бекмаханов аздап салмақ қосқан және ауруханаға әйелінің жетегінсіз, өзі келетіндей күйге жеткен. Сонымен қатар оған мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2007428-salmagy-nebary-36-keli-alpysqa-tayagan-tarazdyq-azamat-us-zyldan-beri-kuresken-zumbaq-derttin-zauabyn-tapty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.