"Асқынса соқырлыққа әкеліп, өкпе мен ми қабынуы мүмкін": дәрігер қызылша ауруының қаупі жайлы ескертті
Жарияланған күні:
Дәрігер Салтанат Мерғалимова қауіпті инфекциялық аурулардың бірі - қызылша туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маманның айтуынша, қызылша - кең таралған инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады. Дерттің бастапқы кезең белгілері суық тиюге ұқсағандықтан, сырқаттанған адаммен алғашқы күндері байланыста болғандардың инфекция жұқтыру деңгейі жоғары.
Салтанат Мерғалимованың сөзінше, қызылша ауруы - бұл температураның 38-40°C дейін көтерілуімен, жалпы интоксикациямен, көздің шырышты қабығының, мұрын-жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Инфекция жұқтырған адамда жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы пайда болады. Сондай-ақ мұрын бітеліп, құрғақ жөтел де болу мүмкін. 3-8 күн аралығында денеге бөртпе шығады.
Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен тарайды. Ауа арқылы вирус айтарлықтай қашықтыққа таралуы мүмкін.
Дәрігер қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде де ауру жұғуы мүмкін екенін айтады.
"Инфекция көзі - төрт күн бойы бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бастап бұл адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда кез келген жаста, тіпті өмір бойы бұл ауруға шалдығу қаупі сақталады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі", - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Мерғалимова.
Оның айтуынша, бөртпе қызғылт немесе қызыл дақтар түрінде пайда болады. Бірінші күні құлақтың артында, шаш арасында, бет пен мойында, кеуденің жоғарғы бөлігінде шығады. Екінші күні бөртпе денеде және қолдың жоғарғы бөлігінде пайда болады. Үшінші күні аяқта шығып, беттегі бөртпелер бозарады.
"Көбіне қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін.
Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиісті. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға пневмония, ортаңғы құлақтың қабынуы - отит, кей жағдайда мидың қабынуы - энцефалит тәрізді өте қауіпті аурулар жатады.
Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін 2 айға дейін иммунитет төмендейді, сондықтан осы уақытта бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны барынша науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет", - дейді Салтанат Мерғалимова.
Санитар дәрігер дерттің бірінші белгілері пайда болған жағдайда уақыт созбай дәрігерге қаралуға кеңес береді.
"Ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақырту, дәрігер келгенге дейін туыстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеу, жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды пайдаланып, ауыз бен мұрынды жабу, қолды сабынмен жиі жуу қажет. Қызылшаның алдын алып, ауырмас үшін екпе алған жөн. Бұл инфекцияға қарсы күрестің ең тиімді әдісі. Балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау 12 айлық кезінде және қайталап 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін иммунитет береді", - дейді Салтанат Мерғалимова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2016251-asqynsa-soqyrlyqqa-akelip-okpe-men-mi-qabynuy-mumkin-dariger-qyzylsa-auruynyn-qauiptiligi-zaily-eskertti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.