Алматылық эндокринолог йод тапшылығының орнын толтыруға көмектесетін өнімдерді атады
Жарияланған күні:
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың эндокринология бөлімінің меңгерушісі Ұлжан Апбасова ағзада йод тапшы екенін қалай білуге болатынын және оны толтыру жолдарын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Эндокринологтың айтуынша, йод адам ағзасына қалқанша бездің трийодтиронин (Т3) және тироксин (Т4) деген екі гормонды бөліп шығаруы үшін қажет маңызды микроэлемент.
"Йодтың жеңіл және орташа деңгейде тапшы екенін зобтың пайда болуынан байқауға болады, әдетте басқа клиникалық белгілері болмайды. Йодтың тапшылығы гипотиреозға да әкеліп соқтырады, мұндай жағдайда адам өзін әлсіз сезініп, тез шаршауы мүмкін, күндіз ұйқы қысса, түнде ұйқысыздық мазалауы мүмкін. Құрғақ тері, шаштың түсуі, тырнақ өсуінің бұзылуы, іш қату, тоңғақтық сияқты белгілері де бар. Бірақ мұндай белгілер басқа да аурулар кезінде пайда болуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн, сондықтан дәрігерге көрінген абзал", – дейді Ұлжан Апбасова.
Дәрігердің сөзінше, йод тапшылығының алдын алу үшін теңіз балдыры, теңіз балығы және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа сынды йод микроэлементіне бай тағамдарды тұтыну керек.
"Алайда бұл өнімдерді тұтынғанның өзінде йод ағзаға адамның жас ерекшелігіне байланысты толық сіңбейді. Сондықтан йод тапшылығы бар аймақтарда тұратын адамдар, сондай-ақ аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер дәрігердің тағайындауымен қосымша йодты калий препараттарын қабылдағаны жөн", – дейді ол.
Бұл ретте, маман адам ағзадағы йод мөлшерін толтыру мақсатында препараттарды қабылдау үшін ең алдымен эндокринолог-дәрігерге жүгіну керектігін тағы да атап өтті. Өйткені құрамында йод бар препараттарды тұтынған кезде ағза оны қабылдамай, қалқанша безінің аурулары пайда болуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2018096-almatylyq-endokrinolog-iod-tapsylygynyn-ornyn-toltyruga-komektesetin-onimderdi-atady/