15 қыркүйектен бастап елімізде маска режимі енгізілетіні рас па: министрлік өкілдері жауап берді
Жарияланған күні:
Желіде 15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер мен маска режимі енгізілетіні туралы ақпарат тарауда. Бұған қатысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Telegram-дағы арнасында жауап берді.
Ведомство мәліметінше, ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушының эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуді көздейтін қаулысына сәйкес, 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Сондай-ақ маска кию режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі.
"Коронавирус инфекциясының жағдайы бақылануда. Шындыққа жанаспайтын ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз", - делінген хабарда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2156305-15-qyrkuiekten-bastap-elimizde-maska-rezhimi-engizelitini-ras-pa-ministrlik-okilderi-zhauap-berdi/