Қант диабеті деген не және оның алдын алуға бола ма
Жарияланған күні:
Қант диабеті артық салмақ, дене белсенділігінің аз болуы және дұрыс тамақтанбау сияқты факторлар салдарынан пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сүйенсек, 2021 жылы шамамен 537 миллион адам қант диабетіне шалдыққан және науқастар саны жыл сайын артып келеді. Бұл қандай ауру? Қалай алдын алуға болады? Дәрігерлердің кеңесін негізге ала отырып, осы сұрақтардың жауабын мақаламызда тарқатып жаздық.
- Қант диабеті - ағзадағы инсулин жетіспеушілігінен туындайтын созылмалы ауру, оның 1-ші және 2-ші типтері бар.
- Аурудың белгілеріне шөлдеу, жиі зәр шығару, шаршау, көздің нашар көруі жатады; асқынулары жүрек-қантамыр аурулары, бүйрек қызметінің бұзылуы болуы мүмкін.
- Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, салмақ бақылау, зиянды әдеттерден бас тарту арқылы 2-типті диабеттің алдын алуға болады деп Mayo Clinic мамандары кеңес береді.
Қант диабеті қандай ауру?
Қант диабеті – ағзадағы инсулин гормонының жеткіліксіздігі немесе оның тиімді жұмыс істемеуі нәтижесінде қандағы глюкоза (қант) деңгейінің тұрақты түрде жоғарылауымен байланысты созылмалы ауру.
Бұл аурудың ағзадағы зат алмасу процестерін бұзатыны соншалық, нәтижесінде дененің көптеген бөлігі, соның ішінде жүрек, қан тамырлары, бүйрек, жүйке жүйесі және көз зардап шегеді.
Қант диабеті негізгі екі түрге бөлінеді:
- 1-типті диабет.
- 2-типті диабет.
1-типті қант диабетімен ауыратын адамдардың ағзасы инсулинді өндіре алмайды. Қант диабетінің бұл түрі көбіне ересектерде, тіпті балалар мен жасөспірімдерде де кездеседі. 1-типті қант диабеті инсулинді күнделікті инъекция арқылы енгізуді қажет етеді, себебі ағза өздігінен инсулин шығара алмайды.
2-типті диабет кезінде ағза инсулинді шығара алады, бірақ жасушалар инсулинге дұрыс жауап бермейді. Бұл диабеттің кең таралған түрі және ол көбіне ересектер мен артық салмағы бар адамдарда кездеседі. Көп жағдайда дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік арқылы 2-типті диабеттің алдын алуға және жағдайыңызды бақылауға болады.
Қант диабетінің белгілері қандай?
Қант диабетінің белгілері оның түрі мен кезеңіне байланысты өзгеруі мүмкін. Кейбір науқастарда еш өзгеріс байқалмауы мүмкін, бірақ жалпы белгілерге мыналар жатады:
- Шамадан тыс шөлдеу және ауыздың құрғауы;
- Жиі зәр шығару;
- Шаршау, әлсіздік;
- Көздің нашар көруі;
- Жаралардың баяу жазылуы;
- Арықтау (1-типті диабет кезінде байқалады).
Егер осы белгілердің бірі байқалса, дәрігерге көріну қажет, себебі қант диабеті басқа да асқынуларды тудыруы мүмкін.
Қант диабеті не себепті пайда болады?
Қант диабетінің дамуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Бұған генетикалық бейімділік, өмір салты, артық салмақ және дене белсенділігінің төмендігі жатады.
1-типті диабет көбіне иммундық жүйенің бұзылуынан туындаса, 2-типті диабет дұрыс тамақтанбау және дене салмағының артуы нәтижесінде өрбиді.
Қант диабетінің асқынуы
Қант диабетіне шалдыққан науқас дұрыс күтінбесе, ағзада бірнеше ауыр асқыну болуы мүмкін. Мысалы:
- Жүрек-қантамыр аурулары, инсульт.
- Бүйрек қызметінің бұзылуы, тіпті бүйрек жеткіліксіздігі.
- Көру қабілетінің нашарлауы. Диабет көздің қан тамырларына әсер етіп, көру қабілетін төмендетуі немесе соқырлыққа әкелуі мүмкін.
- Жүйке жүйесінің зақымдануы. Қант диабеті аяқ-қолдың жүйке талшықтарына әсер еткен жағдайда сезімталдықты жоғалтуға немесе ауырсынуға әкелуі мүмкін.
Қант диабетінің алдын алу үшін не істеу керек?
1-типті қант диабетінің алдын алу мүмкін болмаса да, 2-типті диабеттің алдын алу және күтіну мүмкіндігі бар. Mayo Clinic мамандары мына қағидаларды ескеру керек дейді:
- Дұрыс тамақтану. Көкөністер мен жемістер, пайдалы ақуыздар, дәнді-дақылдар жеу арқылы қандағы қант деңгейін қалыпты ұстауға болады.
- Шамадан тыс тәтті және майлы тағамдарды тұтынудан аулақ болу керек. Д дәрумені мен қажет мөлшерде су ішу керек.
- Дене белсенділігі. Тұрақты физикалық жаттығулар қант диабетінің алдын алады. Дәрігерлер аптасына кем дегенде 150 минут орташа қарқынды жаттығу жасауға (жүгіру, жүзу, велосипед тебу) кеңес береді.
- Жаяу жүру. Күнделікті 30 минут жаяу жүру қан айналымын жақсартады және салмақты бірқалыпты ұстауға көмектеседі. Артық салмақ қант диабетінің негізгі қауіп факторларының бірі болып саналады. Сондықтан дене салмағын қалыпты деңгейде ұстап тұру өте маңызды.
- Бұлшықеттерді нығайту. Күштік жаттығулар бұлшықеттің инсулинге сезімталдығын арттырады.
Қант диабетінен сақтану үшін зиянды әдеттерден бас тарту керек. Темекі шегу және алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс ішу диабет қаупін арттырады. Бұл зиянды әдеттер қан тамырларына кері әсер етеді және инсулиннің жұмысын нашарлатады. Оған қоса эмоциялық жағдайға да мән берген жөн:
- Күйзелістен аулақ болу. Эмоциялық және физикалық стресс инсулинге төзімділікті арттырып, диабеттің дамуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мейлінше күйзелістен аулақ болу және психикалық денсаулықты сақтау маңызды. Осы орайда йога және медитация күйзелісті азайтуға және денсаулықты жақсартуға көмектеседі.
- Дұрыс ұйқы. Аз ұйықтау гормондардың теңгерімсіздігін тудырып, инсулинге төзімділікті арттыруы мүмкін. Ересек адам тәулігіне 7-9 сағат ұйықтау керек.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультативтік-диагностикалық орталығының эндокринолог дәрігері Эльнара Ахмедова қант диабетіне қатысты мынадай кеңес береді:
Егер ауыздың құрғауы, шөлдеу, жиі зәр шығару, салмақ жоғалту, әлсіздік, ұзақ уақыт емделмейтін жаралар, терінің қышуы, терінің жиі іріңді зақымдануы сияқты белгілер мазаласа, онда эндокринологқа жүгіну керек. Ал қант диабеті диагнозы қойылса, онда белгіленген №9 диетаны ұстану, дәрігер тағайындаған қантты төмендететін дәрілерді қабылдау керек, қандағы қантты, гликирленген гемоглобинді бақылап тұру қажет.
Қант диабетінің алдын алу – денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдарының бірі. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту және эмоцияңызды басқарып, күйзелістен аулақ болу арқылы 2-типті қант диабетінің қаупін азайтуға болады. Салауатты өмір салтын ұстану денсаулықты жақсартуға және ұзақ өмір сүруге көмектесетінін есте сақтаған жөн.
Назар аударыңыз!
Мақала ақпараттық сипатта жазылған. Мұнда берілген кеңестерге дәрігеріңізбен кеңескен соң жүгінген абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2160210-qant-diabeti-degen-ne-zhane-onyng-aldyn-aluga-bola-ma/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.