Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Керек кеңес: дене қызуын өлшейтін құрал сынып қалса не істеу керек

Жарияланған күні:

Қызу өлшейтін құрал
Дене қызуын өлшейтін құрал. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сынаптан жасалған дене қызуын өлшейтін құралдар оңай сынады. Төгілген сынапты дұрыс жинау өте маңызды. KAZ.NUR.KZ қызу өлшегіш құрал сынған жағдайда не істеу керегін медбике Юнг Баккамнан және арнайы басылымдардан білді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Сынаптан жасалған дене қызуын өлшейтін құрал сынғанда бөлмеге ешкімді кіргізбеу, терезені ашып желдету, және сынапты дұрыс жинау маңызды.
  • Медбике Юнг Баккамның айтуынша, сынапты жинау үшін қолғап киіп, бетперде тағып, шыны сынықтарын жинап, сынапты суық су құйылған шыны банкаға салу керек.
  • Сынаппен уланудың белгілері пайда болса (шаршау, депрессия, есте сақтау қабілетінің нашарлауы), дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Бөлмеге ешкімді кіргізбеңіз

Сынап бөлменің басқа бөліктеріне таралып кетуі мүмкін, сондықтан дене қызуын өлшейтін құралды сындырып алсаңыз, ең алдымен бұл жерге балалар мен үй жануарларын кіргізбеңіз. Сынап тез буланады, сондықтан оның буын жұтпас үшін терезені ашып, бөлмені желдетіңіз және есікті жабыңыз. Қарсы жақтан өтпе жел соқпауы керек, себебі сынап ұсақ шар тәрізді бөлініп, домалап кетуі мүмкін.

Atlas Ketamine тәжірибелі медбикесі Юнг Баккам NUR.KZ оқырмандарына сынапты қандай жерлерден сынапты жинау қиын екені жайлы ескертеді.

Егер сынап матаға, кілемге немесе жұмсақ жиһаздың қаптамасына төгілсе, оны тазалау әлдеқайда қиын болады. Кейбір жағдайларда ластанған материалды тазалауға тырысқаннан гөрі, оны қауіпсіз түрде жою дұрыс шешім болуы мүмкін.

Егер сынап кілемге түссе, ластанған жерді кесіп алып тастауға тырысыңыз. Ал ағаштан жасалған бұйымдардың бетіне, линолеум, плитка және басқа да тегіс жерлерден сынапты оңай алып тастауға болады.

Сынған құралды жинап алыңыз

Сынап теріге тимеу керек, сондықтан қолғап киіп, улы металл буынан қорғану үшін бетке дәкеден жасалған бетперде тағыңыз. Алдымен сынған шыныны жинаңыз:

  • әйнек сынықтарын қағаз сүлгіге, майлыққа немесе газетке абайлап салыңыз;
  • барлық әйнекті жинап болған соң оны қағазға орап, пластиктен жасалған тығыз жабылатын пакетке салыңыз.

Сынапты кәрізге төгуге болмайды, сондықтан оны жинау үшін суық су құйылған шыны банка дайындаңыз. Сынапты мүмкіндігінше тезірек жинау қажет.

Металды табу үшін қол шамын немесе шам пайдаланыңыз, өйткені сынапты оның металл жылтыры арқылы оңай тануға болады.

Сынапты жинау әдісі:

  • Екі қағаз немесе картон парағын алып, баяу сыпыру қозғалысымен көзге көрініп тұрған металл тамшыларын жинаңыз.
  • Ең ұсақ тамшыларды жинау үшін лейкопластырь, пластилин немесе скотч қолданыңыз.
  • Домалап кеткен немесе бұрыштарға кіріп кеткен тамшыларды алу үшін тамызғыш (пипетка), шприц немесе ұшы жұқа клизма қолданыңыз.
Сынап
Сынап тамшылары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сынапты су құйылған банканың ішіне салып, буланбауы үшін тығыз жабылатын қақпақпен жабыңыз.

Егер дене қызуын өлшейтін құрал сынғаннан кейін сынапты таба алмасаңыз, 112 нөміріне хабарласып, мамандардың көмегіне жүгініңіз. Олар бөлмеде демеркуризация (сынапты жою) жұмыстарын жүргізеді.

Металлдың және оның буының қалдықтарын алыңыз

Сынаппен жанасқан барлық затты герметикалық пакетке салыңыз. Банка мен басқа да заттарды ешқашан қоқысқа тастамаңыз, оларды жою үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің жақын орналасқан бөліміне апару қажет. Медбике Юнг Баккам тазалау жұмыстарынан кейін бөлмені жақсылап желдетуге кеңес береді:

Тіпті тазалағаннан кейін де бөлмедегі қалған сынап буы толық шығуы үшін терезелерді бірнеше сағатқа ашық қалдырған жөн.

Содан кейін сынаптан жасалған құралды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, ал ең дұрысы оны электрондық термометрмен ауыстырыңыз – ол аздап дәл болмауы мүмкін, бірақ әлдеқайда қауіпсіз.

Улану белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгініңіз

Сынаппен улану улы металдың түйіршіктерін жұтып қойған кезде немесе оның буын көп мөлшерде жұтқан кезде пайда болуы мүмкін. Бөлмеден сынапты тазалағаннан кейін көбірек шай, кофе және басқа да сусындарды ішіңіз. Сынаптың теріге тиюі (әсіресе жарақаттар болған жағдайда) улану қаупін арттырады. Егер сынап теріңізге тисе, бұл жерді сабынмен жақсылап жуыңыз және таза ауаға шығыңыз.

WebMD медициналық басылымы сынаппен уланудың мынадай белгілері болатынын ескертеді:

  • шаршау, депрессия, мазасыздық;
  • салмақ тастау;
  • есте сақтау қабілетінің нашарлауы, зейіннің төмендеуі;
  • қозғалыстың үйлесімсіздігі, діріл, бұлшықеттің әлсіздігі.

Ауыр жағдайларда сынаптың әсері бүйректі зақымдап, тыныс алудың қиындауына және өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан улану белгілері байқалып, күшейсе, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініңіз.

Medical News Today медициналық басылымының мәліметінше ауыр металдармен, оның ішінде сынаппен уланған жағдайда хелатты терапия қолданылады. Бұл әдіс металдарды ағзадан зәр арқылы шығаруға арналған хелаттық агенттерді көктамырға енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Дәрігер әйел
Планшет ұстап тұрған дәрігер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сынап – өте улы металл, сондықтан сынаптан жасалған дене қызуын өлшейтін құрал сынған жағдайда дұрыс тазаламасаңыз, улану, тіпті өлім қаупі туындауы мүмкін. Оны тазалау барысында сақтық шараларын барынша қатаң сақтау қажет. Сынапты су құйылған банканың ішіне жинап, оны жою үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне (ТЖМ) тапсыру керек.

Назар аударыңыз! Бұл материал ақпараттық мақсатта жазылған. Мұнда сипатталған емдеу әдістерін дәрігермен алдын ала кеңеспей қолдануға болмайды.

Дереккөз:

  1. Jon Johnson. Mercury poisoning: Symptoms and treatment // Medical News Today. — 2023. — June 26. — Кіру үшін: https://www.medicalnewstoday.com/articles/320563
  2. Victoria Hamilton. What to Know About Mercury Poisoning // WebМD. — February 23. — June 26. — Кіру үшін: https://www.webmd.com/a-to-z-guides/what-to-know-mercury-poisoning

Рецензент — жоғары санатты дәрігер Михайленко Людмила Анатольевна.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2164012-kerek-kenges-dene-qyzuyn-olsheitin-qural-synyp-qalsa-ne-isteu-kerek/