Психиатр "виртуалды ойындар балаларды суицидке итермелейді" деген пікірге қатысты ойын айтты
Жарияланған күні:
Соңғы күндері Қазақстанда баласының өміріне алаңдаған ата-аналар чаттарда "телефондағы түрлі ойындар балаларды өзіне қол жұмсауға итермелеп жатыр" деп дабыл қақты. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының психиатры Ринат Мұзафаровтан өзекті мәселе туралы сұрап білді.
Психиатр Ринат Мұзафаровтың айтуынша, суицидке әсер ететін бірнеше фактор бар.
"Суицид – био, әлеуметтік және психологиялық сипаттағы бірнеше факторлардың әсерінен туындаған күрделі құбылыс. Суицидтік мінез-құлық био-психо-әлеуметтік модельге негізделген. Биологиялық сипатқа психикалық бұзылулар, генетикалық бейімділік жатады. Ал психологиялық сипатқа эмоционалды, когнитивті, мінез-құлық реакциялары жатады. Ал әлеуметтік сипатқа әлеуметтік орта, кәсіп, әлеуметтік мәртебе, әлеуметтік-экономикалық мәртебе әсер етуі мүмкін. Суицид процесі динамикалық кешенді әсерден болады және суицидтік мінез-құлықтың жалғыз себебі ретінде екі факторды да қарастыруға болмайды. Яғни, ойынның өзі баланың басқа проблемалары болған жағдайда ғана қосымша фактор бола алады",- деді ол.
Маманның сөзінше, ата-ана мен баланың арасында түсіністік орнаса, қатердің алдын алуға болады.
"Био-психо-әлеуметтік модельді негізге ала отырып, жақсы денсаулық, әлеуметтік және отбасылық қолдау, проблемаларды ашық айта алу дағдыларын қалыптастыру, өзін-өзі бағалай білу арқылы балаларды қорғап қала аламыз. Адамда бейімділік факторлары болса да (генетикалық, биологиялық факторлар, психикалық бұзылулар, балалық шақтағы жарақаттар) оны асқынтып жіберетін, күшейтетін факторлар болмаса, ол мұндай әрекетке бармайды", - деді маман.
Психиатр асқынтып жіберетін факторларды да атады.
"Асқынтып жіберетін факторларға не жатады? Стресстік жағдайлар, қалыпты емес мінез-құлық, мұны ата-ана байқай алады. Кез келген күшейтетін фактор (мысалы, стресстік жағдай) қорғаныс факторлары әлсіреген және қауіп факторлары жоғарылаған жағдайда суицид болуына ықпал етеді. Суицид барлық аталған факторлардың өзара әрекеттесуінен болады", - деді Ринат Мұзафаров.
Ол ата-аналарға баламен көбірек сөйлесуге кеңес берді.
"Балалармен сөйлесу керек. Өмірде барлық нәрсенің шешімі бар екенін бала білуі керек. Оған қорқынышы болса, жеңуге көмектесу керек. Жасөспірімдер өз жасына байланысты стресстік, дағдарыстық жағдайларды жеңе алмайды. Бұл туралы да айту керек. Суицидтік мінез-құлықтан сақтайтын қорғаныс факторларының бірі – көмек сұрай алуға үйрету, ата-анасымен байланысы үзілмеген, сенімге негізделген қарым-қатынас ең маңызды кеңестердің бірі", - деді ол.
Оның айтуынша, осындай ойда жүрген адам қоғамнан оқшауланады.
"Көмек сұрамайды, бұл қауіпті арттырады. Бала мұндай әрекетке өмір сүргісі келмегеннен емес, басқа жолын білмегеннен барады. Ол суицид туралы үнемі ойлап жүрмейді, ішінде өмірге деген ұмтылыс таласқа түсіп жатады. Олар күйзеліс кезеңдерін бастан кешіп жатқанда оған қолдау көрсетілсе, онда өлімге әкелетін әрекеттерден аулақ болуға болады", -деді психиатр маман.
Ринат Мұзафаров жағдай асқынғанын сезген ата-ана мамандарға жүгінуі керек екенін ескертті.
"Бұл туралы ата-аналардың өздері сөйлесуге тырысуы керек, өздерінің қолынан келмесе, маманға жүгінуі керек. Қандай да бір оғаш мінез-құлықты баяндаса, психологтар, психотерапевттер, психиатрлармен кеңессе, олар қалай әрекет ету керегін айта алады.
Психологиялық көмек алғысы келетіндер үшін 150 нөмірі немесе психикалық денсаулық орталықтарының психологтарынан немесе басқа да білікті мамандардан кеңес алуға болады. Әрқашан кез келген мәселенің шешу жолы бар екенін, көмек бар екенін және оны алуға болатынын есте ұстаған жөн", -деді Ринат Мұзафаров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2165754-qazaqstandyq-psihiatr-virtualdy-oiyndar-balalardy-suitsidke-itermeleidi-degen-pikirge-qatysty-oiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.