Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аутизм деген не және оның қанша түрі бар

Жарияланған күні:

Аутизм синдромы
Ағылшын тілінде жазылған аутизм сөзі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Аутизм әрбір жүзінші баладан анықталады. Әдетте бұл синдром адамдармен қарым-қатынас орнатуда қиындық туғызады. Аутизмнің белгілері қандай және қанша түрі бар екенін медицина саласының мамандары жазған мақалалар негізінде зерттеп көрдік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Аутизм - жүйке жүйесінің күрделі бұзылысы, әлеуметтік қарым-қатынас пен сөйлеуге әсер етеді. Оның классикалық, Аспергер, атиптік сияқты түрлері бар.
  • Аутизмнің негізгі белгілері: әлеуметтік қатынас орнатудағы қиындық, қайталанатын әрекеттер, сезімталдық. Генетика мен қоршаған орта факторлары себеп болуы мүмкін.
  • Аутизмді толық емдеу мүмкін емес, бірақ мінез-құлық терапиясы, сөйлеу терапиясы, арнайы білім беру арқылы белгілерін жеңілдетуге болады. Ерте диагностика маңызды.

Аутизм деген не және оның қандай түрлері

Аутизм – бұл адамның жүйке жүйесіне әсер ететін күрделі бұзылыс. Бұл жағдай көбіне ерте балалық шақта пайда болады және өмір бойы жалғасуы мүмкін. Аутизм адамға қарым-қатынас жасау, сөйлеу, әлеуметтік қатынас орнату сияқты қабілеттерге әсер етеді. Аутизм спектрі кең, ол әр адамда әр түрлі дәрежеде байқалады. Кейбір адамдарда аутизмнің жеңіл түрі болса, басқаларында ауыр түрлері болуы мүмкін.

Аутизмнің белгілері ерте жастан анықталуы мүмкін, бірақ көбіне диагноз кешірек қойылады. Балалардағы аутизм қалай байқалады? Аутизмнің негізгі белгілері мыналар:

  • Әлеуметтік қатынас орнатудағы қиындықтар;
  • Белгілі бір әрекеттерді қайталап орындау немесе қызығушылықтың аз болуы;
  • Қоршаған ортаға ерекше сезімталдық (мысалы дыбысқа, жарыққа жоғары сезімталдық).
  • Көзге тіке қарамау;
  • Қызығушылықтарының өте аз болуы немесе белгілі бір тақырыптарға қатты қызығушылық таныту;
  • Қайталап жасалатын әрекеттер: сөздер мен фразаларды қайталау, алға-артқа тербелу немесе айналу;
  • Дыбыстарға, жанасуға, иістерге немесе көріністерге ерекше сезімталдық, басқаларға бұл қалыпты болуы мүмкін;
  • Тіл, ым-ишара немесе дауыс ырғағын түсінуде немесе қолдануда қиындықтар;
  • Әндеткендей боп біркелкі немесе робот секілді дауыспен сөйлеу;
  • Күн тәртібіндегі өзгерістерге бейімделу бойынша қиындықтар.

Аутизмнің қандай түрлері бар? Аутизм спектрінің бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысына тән түрлі белгі мен ерекшеліктері байқалады.

Классикалық аутизм

Классикалық аутизм бұл - аутизмнің ең жиі кездесетін түрі. Балалардың әлеуметтік байланыс орнатуы оңайға соқпайды, тілінің дамуында үлкен қиындықтар байқалады. Олар белгілі бір әрекеттерді жиі қайталап жасайды және күнделікті өмірдегі өзгерістерге өте сезімтал болады.

Аспергер синдромы

Бұл аутизмнің жеңіл түрі болып есептеледі. Аспергер синдромы бар адамдардың ақыл-ой қабілеті қалыпты немесе жоғары деңгейде болады, бірақ әлеуметтік қатынаста және эмоцияларды түсінуде қиындықтар туындайды. Олар белгілі бір тақырыптарға ерекше қызығушылық танытып, сол салада терең білім жинайды.

Атиптік аутизм

Бұл аутизмнің классикалық түріне ұқсас болғанымен, кейбір белгілері толық байқалмайды. Атиптік аутизм әдетте бала 3 жастан асқанда көріне бастайды. Классикалық аутизмнен айырмашылығы осы болса керек, себебі классикалық аутизмнің белгілері ерте жастан байқалады.

Атиптік аутизмнің негізгі белгілері:

  • Әлеуметтік қарым-қатынаста қиындықтар: Адамдармен қарым-қатынас орнатуда, көз байланысын ұстауда немесе эмоцияларды түсінуде қиындықтар байқалады.
  • Тілдің дамуындағы бұзылыстар: Бала кеш сөйлейді немесе сөйлеу қабілетінде белгілі бір ауытқулар байқалады.
  • Қайталап жасалатын әрекеттер: Белгілі бір әрекеттерді қайталау немесе шектеулі қызығушылықтар байқалады.
  • Сезімталдықтың жоғарылауы: Жарық, дыбыс немесе белгілі бір сезімдерге ерекше сезімталдық таныту.

Атиптік аутизм көбіне жеңіл өтетіндіктен кейбір балаларда бұл бұзылыс көп байқалмауы мүмкін. Алайда уақытылы анықталып, дұрыс терапия қолданылса, балалардың әлеуметтік ортаға араласуы мен дамуына үлкен септігін тигізеді. Тіл, мінез-құлық терапиялары және арнайы білім беру бағдарламалары атиптік аутизммен ауыратын балаларға өмірде табысқа жетуге көмектеседі.

Құрастыратын ойыншық
Түрлі-түсті құрастырғыш ойыншық. Көрнекі сурет: pixabay.com

Аутизм синдромы қойылған балалардың мінез-құлқы қандай болады? WebMD редакциясы ондай балалардың мынадай ерекшеліктер болатынын жазады:

  • Бала өз есімін атап жатқан кезде жауап қатпайды.
  • Көп баламен ойнағысы келмейді, оқшауланғанды ұнатады, жалғыз болуды қалайды.
  • Физикалық байланыстан, соның ішінде құшақтаудан бас тартады.
  • Көзге тура қарамауға тырысады.
  • Жұбатқанға көнбейді.
  • Өзінің немесе басқалардың эмоцияларын түсінбейді.
  • Қолын созып, көтеруді немесе жетектеп жүруді сұрамайды.

Аутизмнің пайда болу себептері

Аутизмнің пайда болуына не себеп болуы мүмкін? Генетика аутизмнің негізгі себебі болып есептеледі және ол ерте даму кезеңіндегі сыртқы орта факторларымен байланысты дейді ғылыми мақалалар авторы Мэн-Чуан Лай. Егер жақын туыстарында аутизм диагнозы қойылған болса, баланың осы дертке шалдығу ықтималдығы жоғары. Кейде басқа психикалық бұзылыстар да аутизмнің даму қаупін арттыруы мүмкін.

Қоршаған ортадағы ауыр металдар мен басқа да токсиндердің әсері аутизм спектрі бұзылысының (АСБ) даму қаупін күшейтеді. Жүкті әйелдің кейбір дәрілерді қабылдауы (мысалы, талидомид және вальпро қышқылы) аутизмнің туындауына ықпал етуі де ғажап емес. Жасы ұлғайға ата-аналардан туған балаларда аутизмнің даму қаупі жоғары.

Аутизммен ауыратын адамдарда көбіне эпилепсия, депрессия, үрей, назардың жетіспеуі және гиперактивтілік синдромы сияқты қосымша аурулар да кездесіп жатады. Сондай-ақ оларда ұйқының бұзылуы және өз-өзіне зиян келтіруге бейімділік секілді мінез-құлық бұзылыстары байқалады. Аутизммен ауыратын адамдардың интеллектуалдық қабілеттері кең ауқымды қамтиды: кейбіреулерінде ауыр когнитивті бұзылыстар болса, басқаларында жоғары интеллект деңгейі байқалады.

2 сәуір - Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күні.

Аутизммен ауыратын адамдардың қабілеттері мен қажеттіліктері әр түрлі және уақыт өте келе өзгеруі ықтимал. Кейбір адамдар аутизммен өмір сүріп, өз бетінше өмір сүруге қабілетті болса, басқалары ауыр мүгедектікке шалдығып, өмір бойы күтімді және қолдауды қажет етеді. Аутизмнің үш деңгейі бар. Оларды денсаулық туралы мақалалардың авторы Аарон Кандола былай сипаттайды:

  1. Бірінші деңгей: Адам салыстырмалы түрде өз бетінше өмір сүре алады, тек аздаған қолдау қажет.
  2. Екінші деңгей: Адамға қарым-қатынас жасау және өзгерістерге бейімделу үшін айтарлықтай қолдау қажет.
  3. Үшінші деңгей: Адам күнделікті өмірде қиындықтарды жеңу үшін үнемі басқа адамдардың көмегін қажет етеді, дәрі-дәрмек және терапия кейбір мәселелерді шешуге көмектеседі.

Аутизм диагнозы қойылған танымал адамдар

Альберт Эйнштейн, Чарльз Дарвин, Исаак Ньютон және Моцарт сынды әлем таныған тұлғаларда осы синдром болған деседі. Ал қазіргі танымал адамдар арасында мына тұлғалар бар:

  • "Побег из тюрьмы" фильмінің жұлдызы актер Вентворт Миллер 2021 жылдың шілдесінде Instagram парақшасында жанкүйерлеріне мынадай жазба қалдырды:

"Карантин бәрімізден көп нәрсені алды. Бірақ тыныштық пен оқшаулану маған күтпеген тосынсый жасады. Биыл күзде маған аутизм диагнозының қойылғанына 1 жыл толады. Бұған дейін өзіме-өзім диагноз қойған едім, кейін ресми түрде расталды".

  • Илон Маск. Ол 2021 жылдың мамырында Saturday Night Live бағдарламасында өз диагнозы жайлы ашып айтты. Кіріспе монологында ол: "Менің дауысымда әрдайым көп интонация немесе өзгерістер болмайды... Бүгінгі кеште мен тарихқа SNL бағдарламасын жүргізген Аспергер синдромы бар алғашқы адам ретінде кіремін", - деді.
  • Джерри Сайнфелд 2014 жылдың қараша айында NBC арнасының кешкі жаңалықтарында Брайан Уильямсқа берген сұхбатында өзін аутизм спектрінде деп санайтынын айтты. "Менің ойымша, өте кеңейтілген шкала бойынша менде аутизм спектрі бар деп ойлаймын," - деді Сайнфелд. "Қарапайым әлеуметтік ортада өзара әрекет жасау – бұл шынымен де күрес. Адамдар менімен сөйлескенде олардың айтқан сөздерін тура мағынасында қабылдаймын, кейде олардың не айтып жатқанын түсінбеймін," - деді Сайнфелд. "Бірақ мен мұны дисфункция деп санамаймын, тек оны баламалы ойлау тәсілі деп ойлаймын", - деді ол.
  • Дэрил Ханна бала кезінен аутизммен күрескен. Ол жастық шағында дәрігерлердің оны ақыл-есі ауытқыған жандарға арналған ауруханаға жатқызғысы келгенін айтады.
  • Джеймс Хобли – аутист-биші, ол "Britain's Got Talent" шоуының финалисі болды.

Аутизмнің емі бар ма?

Медицинада аутизмді толыққанды емдеу мүмкіндігі болмаса да, оның белгілерін жеңілдетуге арналған әр түрлі әдіс бар. Оларға мінез-құлық және сөйлеу терапиясы, арнайы білім беру бағдарламалары жатады. Ерте диагностикалау және дұрыс қолдау көрсету арқылы балалардың әлеуметтік ортаға араласуына және болашақта өмірін жақсартуға көмектесуге болады.

Назар аударыңыз!

Мақала тек ақпараттық сипатта жазылған. Мұнда көрсетілген әдістерге өз дәрігеріңізбен кеңескеннен кейін ғана жүгінуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2170980-autizm-degen-ne-zhane-onyng-qansha-turi-bar/