Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда дәрігерлер жаңа туған сәбиге ота жасап, құйымшағынан салмағы 1 кг болатын ісікті алып тастады

Жарияланған күні:

Дәрігерлер жаңа туған сәтиге ота жасап жатыр
Дәрігерлер. Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында 4 кг салмақпен туылған сәбиге ота жасалды – шақалақ құйымшақ түбінде үлкен ісікпен дүниеге келген. Бұл жөнінде орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Орталық өкілдерінің мәлімдеуінше, патологияның бұл түрі қатерлі емес, бірақ өмірдің алғашқы айларында қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Сәби туғаннан кейін бірден перзентханадан Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне ауыстырылып, отаға толық дайындық жасалғаннан кейін өмірінің екінші күнінде неонатальды хирургтар ісікті алып тастаған.

Дәрігерлер ота сәтті өткенін айтады.

"Бала ауруханаға тірек-қимыл аппаратының туабіткен кемістігі – үлкен қатерсіз ісік – сегізкөз-құйымшақ аймағының тератомасымен түсті. Ісік сүйек тінінен, жұмсақ тіннен және кистозды қуыстан тұрды. Ота сәтті өтті. Көбіне ісік алып тасталғаннан кейін ота жасалған аймақтың пластикалық хирургиясында қиындықтар туындайды, бұл ретте бәрі сәтті өтті. Менің ойымша, біз пластикалық отаны сәбиге болашақта ыңғайсыздық тудырмайтындай етіп жасай алдық. Бала аман-есен үйіне шығарылды", - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургі Жалғас Құниязов.

Дәрігерлердің хабарлауынша, ота 75 минут жасалған. Хирург және реаниматолог мамандар бригадасының тынымсыз еңбегінің арқасында бала салмағы 1 кг сүйек-кистозды масса болатын алып ісіктен құтылды.

"Сегізкөз-құйымшақ тератомасы неонаталды кезеңде балаларда жиі кездесетін ісік. Ол құрсақта қалыптасады және нәрестемен бірге өседі, кейде ұрықтан даму үшін маңызды дәруменді алып қояды. Біздің жағдайда түзілім 14*20 см-ге дейін өсті, тератома толығымен жойылды, баланың жағдайы қанағаттанарлық және ол үйге шығарылды", - дейді іріңді-торакалды хирургия және неонаталдық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Оның айтуынша, бұл орталық айына 100-ге жуық жаңа туған нәрестеге ота жасалады екен. Ол туа біткен ақауларға ішкі және сыртқы факторлар әсер ететінін атап өтті: экология, климат, тұқым қуалаушылық, жұқпалы аурудың барлық түрлері. Дәрігердің сөзінше, кемшіліктің айқын себебінің бірі – әйел жүкті кезінде ауыратын вирустық инфекция.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2178300-almatyda-darigerler-zhanga-tugan-sabige-ota-zhasap-quiymshagynan-salmagy-1-kg-bolatyn-isikti-alyp-tastady/