Шымкентте дәрігерлер 73 жастағы әйелдің миындағы ісікті алып тастады
Жарияланған күні:
Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада 73 жастағы әйелдің миындағы үлкен ісікті алып тастау үшін күрделі ота жасалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz басылымының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
73 жастағы әйелдің үш жыл бойы басы ауырып, есте сақтау және когнитивті қабілеттері төмендеген. Кейін оның миында ісік бар екені анықталды. Сонымен қатар зейнеткерге омыртқааралық диск жарығын алып тастау және омыртқаны бекіту оталары жасалды. Күрделі хирургиялық операцияларды білікті нейрохирург Еркін Медетов жүргізді.
№2 қалалық ауруханада жоғары технологиялық операцияларды жасау үшін барлық қажетті жабдықтар мен кәсіби команда жасақталған. Бас дәрігер Бақытжан Пазиловтың айтуынша, аурухана медициналық туризмді дамытуға басымдық береді.
"Бүгінгі таңда медицина бір орында тұрмайды. Көптеген жабдық шығып жатыр. Жазда Қытаймен келісім аясында нейроробот аппаратын әкелдік. Ол ісіктің және басқа да потологияның қай жерде орналасқанын анықтайды. Мұндай құрылғы қазір тек бізде ғана бар", - деді бас дәрігер.
Бұл ауруханада нейрохиругия бөлімі ашылғалы бері 100-ден аса пациенке ота жасалған. Мұнда кез келген көлемдегі ісікті жою үшін ең күрделі жоғары технологиялық операциялар өткізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2178339-shymkentte-darigerler-73-zhastagy-aielding-miyndagy-isikti-alyp-tastady/