Атырауда қасапшы Сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханаға түсті (видео)
Жарияланған күні:
Атырауда Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен бір адам инфекциялық ауруханаға жатқызылды – ол мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген. Бұл жөнінде "КТК" арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, науқастың әзірге нақты күйдіргі кеселін жұқтырғаны расталған жоқ. Себебі зертханалық сынама нәтижелері әлі шықпаған.
"17 адам медицина қызметкерлерінің қадағалауында. Бір адамның қызуы көтеріліп, Сібір жарасына күдікті деп аурухағана жатқызылды. Қазір науқастың жағдайы жаман емес. Зерттеуге алынды, анализ қорытындысын күтіп отырмыз", - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиева.
Сібір жарасын жұқтырған болуы мүмкін деген науқас мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген. Кесел тараған бұл базарда тағы бір сиыр арам қатқан. Өлекседен сынамалар алынып, зертханаға жолданыпты. Қазір Атырау аумағына Батыс Қазақстан облысынан және Құрманғазы ауданынан мал әкеле жатқан көліктер тоқтатылып тексеріліп жатыр. Анықтама қағаздары жоқтар кері қайтарылуда. Сонымен қатар мал соятын жерлер де жіті тексеріліп жатыр.
"Сібір жарасы анықталуына байланысты қаладағы 4 мал сою пунктінен және сауда орындарынан 55 сынама алынды. Қорытындысы 7-10 күн аралығында шығады. Кеше "Асыл-Агро" базарында тағы бір мал өлімі тіркелді. Одан сынама алынды. Астанаға жіберілді. Қорытындысы бес күн ішінде шығуы керек", - дейді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2191436-atyrauda-qasapshy-sibir-zharasyn-zhuqtyrdy-degen-kudikpen-auruhanaga-tusti-video/