Ақтөбеде оқуға төлейтін ақшасын құмар ойынға салған студент психикалық денсаулық орталығынан бір-ақ шыққан
Жарияланған күні:
Ақтөбелік дәрігерлер синтетикалық есірткі мен құмар ойындарына салынған жастардың өміріне алаңдаулы. Бір жылдық оқуының ақшасынан айырылған сондай бір студент аз уақыттың ішінде жүйке жүйесі ауруларын емдейтін мекемеден бір-ақ шыққан. Дәрігер құмар ойынға салынған ауыл баласының жағдайын айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем бекетінде психологиялық күйзеліске түскендерге көмек көрсететін арнайы бригада бар. Олар адамдардың психологиялық ауытқушылықтан өз әрекетіне жауап бере алмай қалған жағдайларда шақыртуға барады. Өкініштісі - соңғы кезде бұл бригададағы қызметкерлерге шақырту саны артқан.
"Иә, бұрынғыдай емес. Кейде тәулігіне 13-18 шақыртуға дейін баратын кездер болады. Әсіресе, жастарды жиі көріп жүрміз. Жыл сайын психоз ауру көбейіп келеді. Ғасыр дерті саналатын синтетикалық есірткіге жастардың арасында тәуелділік артқан. Оны бір рет көрудің өзі адамға тәуелділік алып келеді. Синтетикалық есірткі пайдаланғандардың түбі қылмысқа барады. Баланың кіммен жүргеніне мұқият болу керек. Жақында бір шақырту болды. Кафеге 4-5 жігіт келген. Ауылдың балалары. Есіктің ауызында біреуі дірілдеп, құлаған. Олар кірер алдында мефедрон қолданған екен. Жаңағы бала көп мөлшерде пайдаланғаны белгілі болды. Өзін ұстай алмай, психоз белгілерін көрсеткен. Есіктерді ұрып, жерді тырнап, өз-өзімен сөйлеп жатты. Жедел наокологиялық диспансерге жеткіздік", - деді психиатр-нарколог Нұргелді Бақтыбаев.
Ақтөбе облыстық жедел және шұғыл көмек бекетінің арнайы мамандандырылған №36 бригада дәрігерлері тәулік бойына жұмыс істейді. Арнайы бригада құмар ойын салдарынан қатты күйзеліске түскен студентті де психологиялық-жүйке ауррулар ауруханасына емдеуге жатқызған.
"Құмар ойынға салынып, психозға ұшырағандар бар. Қалада сондай бір шақырту болды. Ауылдың баласы, студент. Қалада туыстарының үйінде тұрады. Үш күн туыстарымен, отбасы мүшелерімен сөйлеспей қалған. Қолдары тілінген. Әке-шешесінің оқуға төлеу үшін берген ақшасын ойынға салып жіберген. Ақшаны орнына қоя алмаған. Кейін күйзеліске түсіп, психоз өршіген. Өз-өзімен сөйлеседі. Ұйықтай алмайды. Адаммен байланысқа түспейді. Түсініксіз бір сөздерді айта береді. Құмар ойыннан кейін ауылдан келген бала қатты психологиялық соққы алған. Жүйке аурулары ауруханасына жатты. Негізі адамдарда психоз жағдайлар жиі болып жүр. Оларды бірінші қараймыз. Бірден жүйке ауруына шалдыққандардың ауруханасына алып кетпейміз. Жағдайын бағалаймыз. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, участкелік дәрігерге ескертпе қалдырамыз. Ондай кезде учаскелік дәрігердің планшетіне бірден ақпарат түседі. Қайталап шақырту болған, асқыну белгілері бар науқастарды ғана жүйке аурулар ауруханасына апарылады. Себебі жас баланың тағдыры, өмірін ескеру керек. Бірден есепке алсақ оның болашағына қиын. Сондықтан тап болған жағдай мен әреккеттер қаралады. Көп жағдайда отбасылық психологқа жолдама береміз. Ал қайталанған жағдайда есепке алынады", - дейді дәрігер Нұргелді Бақтыбаев.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2208291-aqtobede-oquga-toleitin-aqshasyn-qumar-oiynga-salgan-student-psihikalyq-densaulyq-ortalygynan-bir-aq-shyqqan/