Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы пластикалық хирургтың бір күні (фото)

Опубликовано:

Қазақстан аумағында пластикалық ота жасату бүгінде таңсық дүние емес. Әсіресе танымал азаматтар мен ел алдында жүрген өнер майталмандары әдемі көріну үшін бастарын осындай қатерге де тігіп жатады.

Десе де оның жасырын қалғанын қалайды. Себебі "сөзге" қаламыз деп қорқады. Ал батыстық жұлдыздар үшін сыртқы сымбаттылық пен сұлулықты толықтыратын оталар қарапайым дүние. Және оны жасырмайды да.

Алматыдағы пластикалық хирургияның белгілі  маманы Игорь Богинның бір күндік жұмысын NUR.KZ тілшісі бақылап көрген еді.

Жасы жиырмадан асқан Алматы тұрғыны аяғын түзетуді бала күнінен армандапты. Бүгін көп жылдар бойы жоспарлаған отаны жасатудың сәті түсіпті.

Дәрігер алдымен оны бір сағатқа ұйықтатып, сездірмейтін дәрі егіп тастады. Содан кейін екі аяғының қисық тұстарын өлшеп, белгілеп алды.

Осыдан кейін науқастың екі тізесінің арқасын 5 см кесіп алды.

Кесілген жерден арнайы құралдар салып, дәрігер ет пен терінің арасынан силикон тұратын орынды кеңейтіп жатыр.

Стол бетінде тұрған сопақтау келген мына силиконның екеуін салса, жиырма жастағы қыздың қос балтыры жуандап, түзу көрінеді екен.Силикон салынғаннан кейінгі көрініс.

Дәрігер кесілген жерді тігіп жатыр. Екі апта ішінде бұл қыздың тізесінің артында түймедей де дақ қалмайтынын айтады.

Ал ота жасатқан әйел екінші күні аяғына тұрады екен. Дәрігердің сөзіне сенсек, екі аптаның ішінде тіпті тақамен жүреді.

Жасы отызға енді жеткен мына келіншек омырауын үлкейтпекші. Ол үшін бірнеше жылдан бері арнайы ақша жинапты.

Дәрігерлер алдымен келіншектің көкірегін суретке түсіріп, өлшеп, сызып алды.

Омырауды үлкейту үшін дәрігер алдымен ұшын сызып белгілейді.

Белгіленген аймаққа сездірмейтін дәрі егілді.

Осыдан кейін барып медициналық пышақпен белгіленген жер кесіледі.

Омыраудың кесілген жері арқылы ішіндегі сүт безінің астыңғы бөлігінен силиконға орын дайындайды. Дәрігер ет пен терінің арасын ажыратып, силикон тұратын орынды белгілеп жатыр.

Осыдан кейін барып әр түрлі өлшемдегі, ота жасатушының таңдауына қарай, силикон салынады.

Дәрігер силиконды арнайы құралдар арқылы омыраудың астыңғы қабатына орналастырып жатыр.

Ең соңғы жұмыс омыраудың кесілген жерін арнайы медициналық жіппен айналдыра тігіп шығады.

Міне осыдан кейін омырауын үлкейткен келіншек бір тәулік ішінде аздап қозғала бастайды. Жалпы мұндай отадан кейін төрт айға дейін ауырсыну белгілері болады екен. Бір жыл уақытты артқа тастағаннан кейін ота жасатушының денесі толықтай силиконға үйренетін көрінеді.

Біз түсірген емхананың дәрігерлері бір күн ішінде бес түрлі ота жасады. Қыз-келіншектердің көпшілігі қабағын кеңітіп, көзін үлкейтуге әуес. Екінші орында омырауды үлкейту сұраныста екен.

Жиырма бес жылдан бері пластикалық отамен айналысып жүрген хирург Игорь Богин "Маған елімізге белгілі танымал жұлдыздар жиі келеді. Бірақ олардың кім екенін жарияламау жайлы келісімім бар. Сондықтан айта алмаймын. Негізінен адамды одан әрі әрлендіріп жіберетін мүмкіндік болса неге пайдаланбасқа? Кейде бір кісілер келеді "ернімді, омырауымды үлкейтемін немесе мұрнымды түзетемін" деп. Бетіне қарап бірден айтамын - оған жарасады ма, жоқ па? Кей кісілерге мені қинаса да, ота жасамаймын. Себебі ол осы түрін армандап, орнына келтіре алмай қалатынын алдын ала білемін. Кей азаматтар дұрыс жасалмаған отаны түзетуімді сұрайды. Ең ауыр жұмыс осы. Расын айтайын, мұндай қызмет үшін бастапқыдан үш есе артық ақы талап етемін. Біреудің қатесін түзету өте қиын", - деп өз ісінің қиын сәттерін баяндап берді.

Елімізге танымал әнші Айгүл Бабаева өз келбетін сұлуландыру үшін ота жасатқанын жасырмады. Ол мұрнын түзетіп, қабағын көтертіпті. Тіпті құрбысы Нағима Есқалиеваға да ота жасатуға кеңес беріпті. Алайда Нағима Есқалиева республикалық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында "Маған қазірге пластикалық хирургияның көмегіне жүгіну ерте деп ойлаймын. Бетіне, омырауына ота жасатқан көптеген танымал адамдарды білемін. Бірақ әдемі болып кетті деп айта алмаймын. Қайта бетін тарттырғаны бірден білінетін сияқты. Одан қалса әдемі көріну үшін бетіме пышақ тигізуге қорқамын", - деп жауап берген еді.

Ал Айгүл Иманбаева, Қайрат Нұртас, Ренат Баситов, Мәдина Сәдуақасова сынды әншілер жүздерінде тыртық барын ашық айтады. Десе де оны түзету үшін ота жасатуға түбегейлі қарсы екен.

Ал әнші Мақпал Жүнісова "55 жасқа келгенде қабағымды тарттырам" деп отыр. Белгілі продюсер Баян Есентаева да бетін әжім басып жатса, пластикалық хирургияның көмегіне жүгінерін жасырмайды.

Ал белгілі әнші Тоқтар Серіков "Әжім деген ол көп жылдар бойы істеген еңбектің жемісі. Оған жетудің өзі бір ғанибет. Пластикалық отаға түбегейлі қарсымын" деген еді.

Ал әнші Мақпал Исабекованы "ернін үлкейтті", "қабағын көтертті" деп әлеуметтік желі қолданушылары жиі сынға алады. Алайда әншінің өзі бұл жайлы қазірге ештеңе айтқан емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/360784-kazakstandagy-plastikalyk-hirurgtyn-bir-kyni-foto/