Денсаулық

Зектілері

Алматыда магнит ойыншық жұтып қойған балаларға шұғыл ота жасалды

Жарияланған күні:

магнитті ойыншық
Магнитті ойыншық. Фото: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі

Алматылық дәрігерлер ұсақ магнит жұтып қойған екі балаға шұғыл ота жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматының Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері қаңтар және ақпан айында ұсақ магнит жұтып қойған екі баланы аман алып қалды.

Бірінші жағдайда екі жастағы баланың ішегінде 13 магниттің тұрып қалғаны анықталды. 4 қаңтарға қараған түні ата-анасы екі жасар баласының іші ауырсынғанына шағымданып, Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне келген. Ата-аналар баланың жағдайының нашарлағанын байқап, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.

"Науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр деп бағаланды. Біз жедел төмен ішек өтімсіздігін, перитонит және инфекциялық-уытты шок диагнозын анықтадық. Оған жұтылған магниттік конструктор себеп болған. Баланың ішегінен 13 ұсақ магнит алынды", - деді қабылдау бөлімінің жауапты хирургі Азат Мамырасыл.

Екінші жағдайда 7 жастағы бала ішкі ағзасындағы магнит ойыншықтармен 9 күн бойы жүрген.

Бала тура бір айдан кейін, 4 ақпанда орталыққа түсті. 7 жастағы баланың ата-анасы медициналық көмекке бірден жүгінбеген.

"Ауру тарихына сәйкес, бала 27 қаңтардан бастап ауырған. Ата-анасы баласының жағдайы нашарлағаннан кейін жеке клиникаға апарған. Ол жерде рентгенге түсіріліп, ішегінде бөгде заттың барын анықтаған. Дәрігерлер ауруханаға жүгіну қажет екенін ескерткен, бірақ ата-анасы баланың жағдайын өз бақылауына алған" - дейді Азат Мамырасыл.

Алайда күн өткен сайын баланың хәлі нашарлай түскен. 4 ақпанда баланың іші қатты ауырып, әлсіздік пайда болып, күніне 15 ретке дейін құсқан. Тек осы кезде ғана оның жақындары жедел жәрдем бригадасын шақырып, шұғыл түрде балаларға жедел медициналық жәрдем көрсету орталығына алып келген.

"Диагнозы - жедел төмен ішек өтімсіздігі және асқазан-ішек жолындағы бөгде зат. Бізге екі күрделі операция жасау керек болды. Бірі медианалық лапаротомия, ішек өтімсіздігін жою, 13 магнитті алып тастау, жұқа анастомозды қолдану, санация, трансанальды интубация және іш қуысын дренаждау", - дейді хирург.

Қуанышқа орай дәрігерлер баланы құтқарып қалды. Қазір ол толық сауығып, ауруханадан шығарылды.

Дәрігер Азат Мамырасылұлы медициналық көмекке жүгінуді кешіктірмеуге кеңес береді. Бөгде денелерді жұту, ең алдымен, ішектің перфорациясына немесе перитонитке қауіп төндіреді дейді ол. Кешенді зерттеу нәтижелері бойынша дәл диагноз қоюға және уақтылы көмек көрсетуге болады. Сонымен қатар іш қуысының рентгенографиясы, КТ немесе МРТ жасалады. Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ата-аналардың немқұрайлылығына байланысты дәрігерлер уақытылы көмек көрсете алмауы да мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2220159-almatyda-magnitti-oiynshyq-zhutyp-qoigan-balalarga-shugyl-ota-zhasaldy/