jitsu gif
Денсаулық

    Депутат дәріханалардағы дәрі-дәрмектің шекті бағасы қадағаланбайтынын айтып қынжылды

    Дәрі-дәрмек
    Дәрі-дәрмек және қызу өлшейтін құрал. Көрнекі сурет: pixabay.com

    Бүгін, 4 маусымда мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев дәріханалардағы дәрі-дәрмектің шекті бағасы тиісінше қадағаланбай жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Денсаулық сақтау министрінің өкіліне дәріханалардағы дәрі-дәрмектің шекті бағасын қадағалау туралы сұрақ қойды.

    "Халық мемлекетке арқа сүйейді, басқа тірегі жоқ. Министрліктер, басқа да мемлекеттік органдар – халыққа қорған. Сіздер, мысалы, дәрілердің бағасы қолжетімді болуы үшін оның шекті бағасын бекітіп қойдыңыздар бұйрықпен. Біз сол бұйрықты пайдаланамыз ғой. "Бағаны көтеруге болмайды, тәртіпті сақтаңыздар" дейміз. Ал сол бұйрықтарыңызды ешқандай дәріхана менсінбейді", - дейді депутат.

    Ол сөзіне дәлел ретінде мобильді қосымшаға сүйеніп, "Парацетамол" дәрісінің түрлі дәріханада қанша теңгеге сатылып жатқанын айтып берді.

    "Бұйрықта "Парацетамолдың" көтерме бағасы 93 теңге, ал бөлшек бағасы 144 теңге. Енді мобильді қосымшадан қарасақ, Астанадағы Айтматов көшесіндегі дәріханада 175 теңге, тағы бір дәріханада 170 теңгеге сатып отыр. Бұл қалай сонда?", - дейді депутат.

    Анас Баққожаевтың сөзінше, Астананың өзінде сондай болса, ауыл-аймақтарда жағдай қандай екені белгісіз.

    "Кім қадағалап отыр оны? Кім қарайды? Мен сұрайыншы, сіздер өздеріңізді сыйламайсыздар ма? Өздеріңіз шығарған бұйрықты ешкім менсінбесе, намыстарыңызға тимей ме? Не үшін керек онда бағаны шектеу?", - деп сұрады ол Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ардақ Амангелдіұлынан.

    Бұл ретте министрлік өкілінің айтуынша, "Парацетамол" препаратын түрлі өндіруші өндіргеннен кейін оның бағасы да басқа болады.

    "Қай Парацетамол қай дәріханада қанша теңгеге сатылып жатқанын дәлелдей алмаймыз, дегенмен сіздің айтқандарыңыз бойынша тексеру жүргізіп, нәтижесін қосымша хабарлаймыз. Егер шекті бағадан жоғары сату дерегі анықталса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша айыппұл салуға құқығымыз бар", - деп жауап берді ведомство өкілі.

    Алайда мәжіліс депутаты бұл жауапқа қанағаттанбады. Ол министрлік өкіліне елдегі дәрі-дәрмек бағасын көтеру фактісін күнделікті мобильді қосымша арқылы-ақ бақылауға болатынын айтып, қадағалау жұмыстарын жүргізуді тиісінше қолға алуды өтінді.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.