jitsu gif branding logo appbranding logo app
Денсаулық

    Алматыда бірінен кейін бірі инфаркт алған ерлі-зайыптыны дәрігерлер аман алып қалды

    дәрігерлер
    Алматылық ерлі-зайыпты. Фото: Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

    Алматыда 45 жыл бұрын отасқан ерлі-зайыпты жұп бірінен кейін бірі инфаркт алып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер ерлі-зайыптыны аман алып қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметіне сүйенсек, алматылық Қалибек пен Бақтыгүл 45 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді: екеуі де бірдей еңбек етіп, бала өсіріп, бүгінде немере сүйіп отыр.

    Жұбайы ауыр инфарктпен ауруханаға түскенде Бақтыгүлдің жүрегі де сыр беріп, бірнеше күннен кейін ол да ауруханадан бір-ақ шыққан.

    №4 қалалық клиникалық ауруханаға ерлі-зайыпты жұп жедел түрде бірінің артынан бірі келіп түсті. Екеуіне де "жіті миокард инфаркті" диагнозы қойылды. Алдымен 67 жастағы Қалибек Апуов маусымның 20-сында өте ауыр жағдайда жеткізілді: жүрек тұсының қатты ауырсынуы, ентігу және жалпы әлсіздік белгілері байқалды. Үш күннен соң жолдасының өмірі үшін қатты уайымдап, күйзеліске түскен 66 жастағы жұбайы Бақтыгүл Кенжахметова да дәл сол ауруханаға жатқызылды.

    "Миокард инфаркті – әр секунд маңызды шұғыл жағдай. Науқас неғұрлым ерте мамандандырылған медициналық көмек алса, жүрек бұлшықетін сақтап қалу және асқынудың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Алғашқы бірнеше сағат – "алтын уақыт". Біздің пациенттеріміздің жағдайында ем уақтылы басталды, бұл оң нәтиженің басты себебі болды", - деп түсіндірді №4 аурухананың кардиореанимация бөлімшесінің реаниматолог дәрігері Самат Тасболат.

    Екі науқасқа да шұғыл түрде диагностикалық коронарография мен стенттеу жасалды. Бұл зақымданған артериялардағы қан айналымын қалпына келтіруге және инфарктың қауіпті салдарын болдырмауға мүмкіндік берді.

    дәрігерлер
    Алматылық дәрігерлер пациенттерімен. Фото: Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

    "Жолдасымның жағдайы өте ауыр болды, қатты қорықтым. Күндіз-түні уайымдап жүріп, өзім де ауырып қалдым. Екеуміз де жүрек тамырларына ота жасаттық, қазір өзімізді әлдеқайда жақсы сезініп отырмыз. Бүгін бірге үйге шығамыз. Ешкімді ауруханада жалғыз қалдырмайды екен. Дәрігерлерге бізді құтқарып қалғаны үшін, қамқорлығы мен ықыласы үшін шын жүректен алғыс айтамыз", - деп алғысын білдірді Бақтыгүл Кенжахметова.

    Дәрігерлердің айтуынша, миокард инфаркті жүрекке қан жеткізіп тұрған артерияның кенеттен бітелуінен болады. Бұл көбіне атеросклероздық түйіншек пен тромбтың түзілуіне байланысты. Уақытылы медициналық көмексіз жүрек бұлшықетінің қайтымсыз зақымдануы немесе өлімге әкеп соғуы мүмкін.

    Алматылық ерлі-зайыптының басынан өткен жағдай – кәсіби шұғыл көмектің және адами жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсететін өмірлік мысал. №4 қалалық клиникалық аурухананың мамандары тек екі жүректі ғана емес, толық бір отбасыны дерлік аман алып қалды.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.