jitsu gif
Денсаулық

    "Әйелдердің көбі ұялып, уақыт өткізіп алады": Маммологтар кеуде обырының қауіптілігін айтып, дабыл қақты

    Дәрігер
    Көрнекі сурет: pixabay.com

    Отандық маммолог мамандар сүт безі қатерлі ісігі бірден байқалмайтынын айтып, дабыл қақты деп хабарлайды "Хабар 24".

    Маммологтардың айтуынша, кеуде обыры - әйелдер арасында кең етек алған онкологиялық ауру. Тіпті, әлем бойынша аты жаман аурулар ішінде сүт безі қатерлігі ісігі бірінші орында тұр.

    Елімізде де статистика да көңіл көншітпейді. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім арасында сүт безі обыры 3-ші орында екен. Себебі, бұл дерт жасырын дендейтін көрінеді. Яғни, кеудедегі ауруды әйел сезбеуі мүмкін.

    Мамандардың сөзінше, сүт безіндегі өзгеріс тек маммологтың тексеруінен кейін нақтыланатындықтан, жылына бір мәрте тексерілуді әдетке айналдырған абзал. Әсіресе бала емізетін әйелдерге ерекше күтім қажет дейді олар.

    "Қазақстандық әйелдердің көбі ұялып, дәрігерге қаралмай, ауруын өткізіп алады. Маммологқа барудан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені сүт безіндегі кез келген өзгерістерді тек дәрігер ғана көре алады. Қандай да бір өзгеріс байқалып, оны ерте емдесе, дерттен құлан-таза айығуға болады. Маман ретінде бала емізетін әйелдерге өте сақ болу қажеттігін ескертемін", - дейді маммолог-онколог Айгүл Демеуғалиқызы.

    Бүгінде Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында тегін скрининг жүргізіледі.

    "Қазақстанда да енгізілген статистика бар. 40 жастан асқан әйелдер сүт безі ісігін дер кезінде анықтау үшін екі жыл сайын тексерістен өтеді. Дер кезінде анықталатын болса, ол дерт емделеді. Емі бар", - дейді Томотерапия орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлвира Мағзұмова.

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде сүт безi қатерлi iсiгiнен болатын өлім-жітім саны соңғы жылдары 22 пайызға өскен.

    Маммолог-онкологтар бұл дерттің басты 6 белгісі барын айтады: кеуде көлемі мен тері түсі өзгеріп, төс тығыздалса, қолтық астында түйін байқалса бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Ал, ауру ерте анықталса, оның емі бар.

    Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.