Денсаулық

Зектілері

"Екі-үш есе тиімдірек": кореялық дәрігерлер онкологиялық дертті жаңа әдіспен емдей бастады (видео)

Жарияланған күні:

микроскоп
Микроскоп. Көрнекі фото: pixabay.com

Оңтүстік Кореяда алғаш рет онкологиялық ауруларды ауыр иондардың көмегімен емдей бастады. Бұл әдіс Жапонияда шамамен 30 жыл бұрын қолданылған, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, әлемде ионотерапия орталығы бар бес ел болса, соның бірі – Оңтүстік Корея.

Кәріс халқы аталған орталықтың құрылысына 300 миллиард вон немесе шамамен 234 миллион доллар жұмсалған. Жеті қабатты ғимараттың жер астында бес бөлігі бар.

Ауруханада әлемде алғаш рет биіктігі үш қабат болатын екі айналмалы портал жасалған. Бұл механизмдер көміртегі атомын жарық жылдамдығындай жеделдетіп, алынған қуатты энергия сәулесі қатерлі ісік клеткаларын өлтіретін көрінеді.

"Алғашында қатерлі ісік рентген сәулелерімен емделді, кейін протон терапиясы пайда болды, қазір ауыр иондармен емдеп жатырмыз.

Иондық және протондық терапияның айырмашылығы туралы айтатын болсақ, ауыр иондармен емдеу екі-үш есе тиімдірек. Өйткені сәулелер күштірек және ісікке дәл түседі, жақын орналасқан тері мен жасушаларға зақым келтірмейді", – дейді Ёнсе университетінің ауыр иондармен емдеу орталығының директоры Ли Ик Дже.

Мамандар жаңа орталық емделушілерге кететін шығынды азайтатынын айтады. Бұрын көптеген оңтүстіккореялық ион терапиясын алу үшін арнайы Жапонияға баратын болған.

"Бізде үш кабинет бар. Бірінші бөлмені қуық асты безінің қатерлі ісігін емдеуге пайдаланамыз. Алдағы уақытта екінші және үшінші кабинеттерді өкпе, ұйқы безі, ми ісігі және бұрын емделмейтін басқа да ауруларға пайдалануды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – Корея халқы үшін емделуді қолжетімді ету", – дейді Ли Ик Дже.

Орталық директоры болашақта жабдықтардың көлемін кішірейтетін технологиялар пайда болса, әр түрлі онкологиялық ауруларды емдеуге болатынын да атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2025892-eki-us-ese-tiimdirek-koreyalyq-darigerler-onkologiyalyq-dertti-zana-adispen-emdei-bastady-video/