Денсаулық

Зектілері

Өліммен аяқталған жағдайлар болған: ДСМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

укол салайын деп жатқан маман
Медицина қызметкері: Көрнекі фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды емшаралар кабинетінде қызмет алу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Бұл туралы ведомстовға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдан бастап 2025 жылдың I тоқсанына дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне рәсімдік медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардан 7 өтініш түскен.

Осы өтініштердің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Тексеру нәтижесінде келесі бұзушылықтар анықталған:

  • тиісті лицензиясыз медициналық қызметті жүзеге асырудың 4 фактісі;
  • сертификатталған мамандарсыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 жағдайы;
  • дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі.

Тексеру қорытындысы бойынша комитеттің аумақтық департаменттері әкімшілік жауапкершілік туралы хаттамалар жасаған, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асқан.

"Өліммен аяқталған жағдайларда Жамбыл облысында қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидаларының өрескел бұзушылықтары анықталды.

Осы жағдайлар бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына берілді. Осы өңірдегі емшаралар кабинеттерінің бірі қызметін ресми түрде тоқтатты", - делінген хабарламада.

Министрлік келтірген деректер бойынша, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 107 емшара кабинеті жұмыс істейді, оның 42-сі ғана дәрігерге дейінгі медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, мемлекеттік органдардан (әкімдіктерден, денсаулық сақтау басқармаларынан) сұрау салулар немесе құқық қорғау органдарының тапсырмалары болған кезде ғана жүргізілуі мүмкін", - делінген хабарламада.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға мына кеңестерді қатаң есте ұстауға шақырады:

  • емшаралық медициналық қызметтерге тек лицензияланған медициналық ұйымдарға хабарласу;
  • қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігінің болуын нақтылау;
  • тиісті дәрігерлік бақылаусыз үйде медициналық рәсімдерді жүргізуге жол бермеу.

"Біз азаматтарды өз денсаулығы мәселелерінде жауапты болуға және бұзушылықтар туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырамыз", - дейді министрлік өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2236941-olimmen-aiaqtalgan-zhagdailar-bolgan-densaulyq-saqtau-ministrligi-qazaqstandyqtarga-undeu-zhasady/