Денсаулық

Зектілері

Алматыда мойнында үлкен ісікпен туған нәрестеге ота сәтті жасалды

Жарияланған күні:

Алматы дәрігерлері
Алматылық дәрігерлер ота үстінде. Фото: Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматыда 26 наурызда нәрестенің туа біткен патологиясы – лимфангиомасын түбегейлі алып тастау бойынша операция сәтті жасалды. Операцияны балалар хирургі Саматбек Мырзахмет пен ассистент Жалғас Күниязов жасаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, 23 наурызда Алматыдағы перзентханалардың бірінде 34 аптада сирек кездесетін туа біткен патологиямен ұл бала дүниеге келді. Сәбидің мойнының оң жағында үлкен кистозды лимфангиома болған. Онымен қоса тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі де ісіктің асқынуына себеп болған.

Нәресте салмағы 3844 г, бойы 46 см болып туды.

"Баланы емхананың неонатология бригадасы кесар тілігінен кейін бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосып, Алматы қаласының Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді.

Бала өте ауыр жағдайда келіп түсті. Өмір сүру көрсеткіштері бақылауға алынып, шұғыл көмекті талап етті. Ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша, құрсақішілік кезеңде өлшемі 12 см-ге жуық түзіліс бар деген диагноз қойылған. Ол – босану кезіндегі ерекше акушерлік және хирургиялық тәсілді қажет етеді деген сөз.

24 наурызда балалар жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері ісік тәрізді түзіліске пункция жасап, 500 мл-ден астам сұйықтықты алып тастады. Бұл тұншығу қаупін азайтуға көмектесті. Баланың жағдайын бөлім меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов бақылауға алды. Сәбиді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер жансақтау бөліміне жатқызып, ота жасауға дайындады", - делінген хабарламада.

Ал 26 наурызда лимфангиоманы түбегейлі алып тастау операциясы жасалды. Операцияны балалар хирургі Саматбек Мырзахмет пен ассистент Жалғас Күниязов эндотрахеальді анестезиямен жасады.

"Неонатолог, хирург және анестезиологтардың үйлесімді жұмысының арқасында ота сәтті өтті", - дейді ведомство өкілдері.

Бала тағы үш апта бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылған.

Дәрігерлердің айтуынша, операциядан кейін тігістер жазылып, уақыт өте келе мүлдем көрінбейтін болады. Ал бала құрдастарымен бірдей өсіп, дамиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2240019-almatyda-moinynda-ulken-isikpen-tugan-narestege-ota-satti-zhasaldy/