"Балғамен ұрған": Шымкентте емшінің көмегіне жүгінген тұрғын жүре алмай қалған
Опубликовано:

Шымкентте омыртқасы сыр берген науқас желіден тапқан емшінің көмегіне жүгінген. Алайда емнің орнына, жұлыны зақымданып, омыртқасын сындырып алған. Бұл туралы №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты, деп хабарлайды Отырар телеарнасы.
"Науқастың сөзіне қарағанда, кереуетке жатқызып қойып, балғамен ұрған. Салдарынан екі аяғында жансыздану болған. Сөйтіп ертесіне қайта келуді сұраған. Бірақ сол күні кешкісін бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. Тез арада тексеру жүргіздік. Омыртқасын сындырып жіберген. Жұлынға да зақым келген. Науқас бізде бірнеше уақыт жатып, толықтай емделіп шықты. Екі аяғына жан бітті. Үйіне шығарылды", - дейді Бақытжан Позилов.
Телеарнаның хабарлауынша, қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы.
Дәрігерлер тұрғындарға дипломы жоқ мамандарға денсаулықты сеніп тапсырмауды абзал деп отыр.
"Түрлі остехондрозда, бел омыртқасы, мойын омыртқасы жарықтарында ешқандай дипломы жоқ мамандар әдістерді қолданып жатады. Қорқынышты әдістер. Кейде үлкен салмақтағы кісілерді аяғындағы саусағына байлап қойып, белінен ұрып жататын жағдайларды желіден байқаймын. Үстінен секіріп жатады. Мойнын қытырлатып жатады. Бұл өте қауіпті жағдай. Денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге бару керек. Рентген жасау керек. МРТ түсіру керек. Кез-келген ауруды остехондроз екен деп, тоқпақтай беруге болмайды. Омыртқаға, жұлынға зиян", - дейді дәрігер.
Осы ретте халық емшілер қауымдастығының мүшесі Мәриям Досбалаева омыртқа аралық остехондрозды ұрып емдеу дұрыс емес деп отыр. Айтуынша, бұл ауруды уқалу арқылы, бал жағып емдеуге болады. Ал ең дұрысы, дәрігерге жүгініп, нақты диагнозға сай ем шараларын қабылдау қажет.
"Ұрып емдеген емшілерге мен қосылмаймын. Өйткені, ол дұрыс емес. Ұрып емдеу, сүйектің, омыртқаның қисаюынан болады. Оны емдейтін адамдар болады. Әр аурудың өз маманы болады. Мысалы, тіс аурудың маманы, гинеколог бола алмайды. Остехондроз деген қан жақсы жүрмегендіктен болады. Қимыл аздықтан болады. Көп отырғаннан болады. Омыртқаны созу керек. Жаттығу жасату керек. Бірақ біз маманы емеспіз. Сосын массаж жасаймыз. Көп адамдар сертификат алады. Қолдың биотогын тексереді. Құжатымыз түгел. Құжатсыз емдейтіндер бар. Анадан көріп, мынадан көріп, ем бар екен деп қолданатын адамдарда көп", - дейді Мәриям Досбалаева.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2247006-balgamen-urgan-shymkentte-emshining-komegine-zhugingen-turgyn-zhure-almai-qalgan/