Қазақ сәулетшісі шатырында шаңғы тебуге болатын тұрғын үй жобасын ұсынып, шетелдіктерді таңғалдырды
Опубликовано:
Қазақ сәулетшісі қала шетіне шықпай-ақ, тура тұрғын үйдің шатырында шаңғы тебуге мүмкіндік беретін құрылыс жобасын жасап, шетелдіктерді таңғалдырды. Бұл туралы NUR.KZ порталы novate.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Шоқан Матайбеков шаңғы тебуді ұнататындар үшін жаңа жоба ойлап тапты. Мұндай жоба қаланың басты нышанына айналары анық деп жазады ресейлік сайт.
Қазақ сәулетшісі Шоқан Матайбеков «Слалом-үй» деп аталатын қайталанбас тұрғын үйдің сызбасын ойлап тапты. 21 қабатты U әрпіне ұқсас жоба Астана қаласының ең көрікті жеріне айналмақ.
Сырғанауға арналған шатырдың ұзындығы - 326 метр. Қыста ғана баруға болатын тау-шаңғы трассасына қарағанда, бұл үйдің шатыры қысы-жазы істейді деп күтілуде. Жазда ол Slalom House Snowflex деп аталатын жоғары температураға шыдамды жасанды қармен көмкеріледі.
Шаңғышылардың қауіпсіздігі үшін трассаға биік қоршаулар салынады. Трассаның ұзындығы - 326 метр, ал ені – 27 метр. Шаңғышылар трассаның басына әйнектен жасалған арнайы лифт арқылы көтеріледі.
Ғимараттың бірінші қабатында сауда орындары болмақ, ал одан жоғары барлығы 421 пәтерден тұратын 2 бөлмелі тұрғын үй апартаменттері болады.
Шоқан Матайбековтің пікірінше, шаңғы тебетін жотаны қолдан жасағаннан көрі осындай пайдалы ғимарат салған әлдеқайда тиімдірек. Бұл жоба әзірге ресми түрде бекітілген жоқ, алайда оның бағасы шамамен 70 миллион доллар болмақ.
Егер жоба жүзеге асатын болса, онда «Слалом-үй» қала шетіндегі тау-шаңғы трассасына бару үшін кем дегенде төрт сағат уақытын жоғалтатын тұрғындар мен қонақтар үшін тиімді болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1009002-qazaq-sauletshisi-shatyrynda-shanhghy-teb/