RU

Ливанда 12 жасар қыз бала әкесімен жасты адамға "тұрмысқа шықты"

Ливанда 12 жасар қыз баланың егде жастағы азаматтың қалыңдығы атанғаны көпшіліктің ашуын келтірді деп хабарлайды NUR.KZ порталы dni.ru сайтына сілтеме жасап.

Ливанда түсірілген видеода шашы ағарып қалған егде жастағы азамат фотографтан өзін 12 жасар қалыңдығымен фотоға түсіруді сұрап жатқанын көруге болады. Алайда мұны байқаған өзге жергілікті тұрғындар ер кісіге әрекеті дұрыс еместігін ашық айтуға кіріседі.

Ал "жас жұбайлар" болса, бұл сөзге мән бермеуге тырысуда. Өткен-кеткеннің бірі ер кісіні қылмыскер деп айыптағанда, ер кісі "бұл сенің шаруаң емес. Оның ата-анасы қарсы болып отырған жоқ" деп қысқа қайырған.

"Мен жүгіріп келе жатыр едім, мұны көргенде орнымнан қозғала алмай қалдым", - дейді куәгерлердің бірі Huffington Post басылымына. Алайда кей тұрғындар ер кісі мен қыз баланы құттықтап жатқанын да байқауға болады.

Кейін белгілі болғандай, ролик "Кафа" қоғамдық ұйымымен әдейі түсірілген екен. Олар кәмелетке толмағандармен неке қиюдың Ливанда өршіп кеткеніне осылайша назар аудартпақ болған. Басылымның айтуынша, Ливандағы қыз балалардың 6%-ы кәмелетке толмай жатып некесін қияды.

Сол арада атышулы ролик екі миллионнан астам рет қаралып, желі пайдаланушылары ашулы пікірлерін жаудырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1050555-12-zhasar-qalynhdyghymen-fotogha-tusip-zhurg/