RU

Ұлыбританияда 5 жасынан сурет салатын жеткіншек ең бай балалардың біріне айналды

Таңғаларлық табиғи дарынының арқасында Кирон Уильямсон есімді жеткіншек Ұлыбританиядағы ең бай балалардың біріне айналды деп жазады anabol.kz.

Кирон 5 жасынан бастап импрессионизм жанрында сурет салады.

Алты жасында ерекше талантты Кирон туралы барлық БАҚ өкілдері хабарлаған болатын. Ал сегіз жасынан бастап, ол өзінің картиналарын заманауи өнер аукциондарында сата бастады.

Ол 33 картинасын 235000 АҚШ долларына сатып, дәл бес жыл бұрын өзінің үлкен жетістігіне қол жеткізген болатын. Жұмыстары небәрі жарты сағаттың ішінде сатылып кеткен.

Көптеген өнертанушылар оның сурет салу техникасын ұлы суретші Монемен салыстырып, балақайдың өзін Моне деп атайды.

Бір аптаның ішінде Кирон орта есеппен алты картина салып үлгереді. Ал оларды сатып алғысы келетіндердің саны артып келеді, қазірде олардың саны – үш мың адамның шамасында.

Балғын суретші өз жұмыстарын жиі сатылымға шығарып отырғандықтан, тұрақты табыс көзіне ие. Мәселен, соңғы көрмелердің бірінде Кирон 400000 фунтқа ие болды.

«Баланың теңдесі жоқ. Маймен де, пастельмен де, акварельмен де сондай жоғарғы дәрежеде сурет сала білетін одан басқа да баланың барына күмәнім бар. Техникалық элементтер жайлы түсінігі керемет дамыған», - дейді Кирон туылған Норфолк графствосындағы галерея иесі Адриан Хилл.

2011 жылы Кирон өзінің кумирі импрессионист Эдвард Сигоу тұрған жерден үй сатып алған.

«Менің сүйікті суретшім Эдвард Сигоу да Норфолкта туылған. Ол жүрген жермен жүріп, ол салған аспанды салуға мүмкіндігім болғаны қандай жақсы», - дейді жас суретші.

Сурет өнерін санамағанда, Кирон қарапайым балалардан қатты ерекшеленбейді. Ол компьютерлік ойындарды, футболды жақсы көреді және мектеп құрамасында ең мықты қорғаушы саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1078849-ulybritaniyada-5-zhasynan-bastap-suret-s/