Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ОҚО-да адамның ниетіне қарай су беретін құдық бар

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстанда шын пейіл, ниетіңіздің қаншалықты кең екенін құдықтан алынған су арқылы білуге болады деп жазады NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.

Ол қасиетті орын Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде орналасқан. Көпшілікке Укаша ата деген атпен белгілі бұл мекенге келушілер саны еш кеміген емес. Қасиетті құдықтың құдіреті неде? Бұл сұраққа жауапты NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі іздеп көрді.

Түс ауасына қарай жұртшылық қасиетті деп санайтын Укаша ата зияраты мен құдыққа қарай жол тарттық. Түркістан қаласының орталығынан шамамен 40 минуттай жол жүріп, қасиетті мекенге де келіп жеттік.

Алғашында келушілер қарасы аса көп емес-тін. Кейінірек тек Оңтүстік Қазақстан облысы емес, тіпті алыс-жақын шет елдерден келгендерді де байқадық.

Бұл мекенге бірнеше рет келіп, зиярат етушілермен қатар алғаш табан тірегендері де бар. Солардың бірі – шымкенттік Әлия Мұратқызы.

28 жастағы тұрғын Укаша ата атындағы әулиелі орынның бар екенін 8 сыныпта оқып жүрген кезінде білген екен. Мектеп қабырғасын бітірген ол жоғары білім алу үшін Алматыға қоныс аударған.

Ару қолына дипломын алып, жұмыс бабымен қалада қалып қойған. Сол себептен, Уакаша ата әулие орнына келуге еш жолы түспеген Әлия биыл ниеттеніп жолға шығыпты.

«Шынымды айтсам, бұл жерге келуді көптен бері армандап жүр едім. Ниеттеніп келіп тұрған жайым бар. Алғашында құдықта тасталған шелегіме бірде-бір тамшы су шықпай қалама деп қорықтым. Себебі, дос-жаран, туыстарымнан солай болатынын естігенмін. Мұндағы шырақшылардың айтуынша, тасталған шелекке су адамның пейіліне қарай береді екен. Қуанышыма орай, бір шелек толы су шықты. Құйып алдым. Алла баршаның пейілін кеңінен жаратсын деген тілегім бар», - деді ол.

Осы ретте қасиетті саналатын Укаша ата мекенінің тарихына тоқтала кетсек. Аңыз бойынша Укаша сахаба Мұхаммед пайғамбардың күзетшісі болған көрінеді деседі. Укашаның денесі атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болыпты.

Дұшпандары Укашаның таң намазы уақытында Аллаға құлшылық ететінін біліп, сол сәтті аңдып, басын қылышпен шапқан. Бір қызығы, кесілген бас дұшпандардан домалап қашып, тау үстіне көктен жасын түскен құдыққа түсіп, ғайып болған екен.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл құдық жерасты жолдарымен сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасатын көрінеді. Себебі сахабаның басы зәмзәм бұлағынан шыққан. Содан кейін ол пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті.

Укаша ата бұл дүниеден бақилық  болғанға дейін «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген тілек тілепті. Тарихшылар оның тілегі орындалды дегенді айтады.

Құдық басына келмес бұрын алдымен зиярат етушілер ұзындығы 20 метрден астам қабір басында дұға жасайды. Содан соң 800 метрдей қашықтықта жатқан құдыққа келіп, қауқа тастайды.

Білетіндердің айтуынша, әулиенің қасиеттілігіне күмән келтіретіндер мен Алла тағалаға деген пікірі теріс адамдарға құдықтан тасталған шелекке бір тамшы да су шықпайды. Ал енді бірі шығатын су адамның пейілімен байланысты дегенді айтады.

Құдықтың тереңдігі 28 метр екен. Есімін айтқысы келмеген шырақшының айтуынша, мұнда сенбі-жексенбі күндері келушілердің қарасы көбейіп кетеді екен. Ал аптаның дүйсенбісінде саябырсиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1088254-oqo-da-adamnynh-nietine-qaray-su-bereti/

pixel