RU

Әнші жылан шаққаннан кейін сахнада 45 минут бойы ән айтып көз жұмды

Әбжыланмен ән айтып танымал болған индонезиялық әнші Ирма Бьюлды сахнада жылан шағып өлтірді деп хабарлайды sn.kz "РЕН-ТВ" телеарнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

29 жастағы әнші әбжыланмен кезекті шоуын ұйымдастырып, ән айтып жатқан тұста қолындағы жылан оны шағып алған. Бьюл соған қарамастан, сахнада тағы 45 минут өнер көрсетті. Мұнан кейін ол алдымен құсып, кейін есін жоғалтып алған. Концерт ұйымдастырушылары оны дереу ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер әншіге көмектесе алмады.

The Daily Mail басылымының хабарлауынша, оқиға Батыс Ява провинциясындағы Караванг елдімекенінде орын алды. Бьюл байқаусызда улы әбжыланның құйрығын басып кетіп, оны ашуландырып алған. Қазіргі таңда полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, әншіні шаққан корольдік әбжыландар әлемдегі ең ірі улы жорғалауыштардың бірі болып есептеледі. Олардың ұзындығы 5,5 метрге дейін, салмағы 9 келіге дейін жетеді. Бұл кобра бір шаққанда пілді өлтіре алатындай у жібереді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1094266-anshi-zhylan-shaqqannan-keyin-sakhnada-45-mi/