6 жыл бұрын иесінен қашып кеткен мысық үйіне қайтып келді

Опубликовано:

Ұлыбританияда Хлоя атты мысық араға 6 жыл салып өз иесіне қайта оралды. Бұл туралы ITV порталы хабарлады деп жазады skifnews.kz.

2010 жылы мысықтың иесі оны ветеринарға апармақ болып, торға салып көшеге алып шыққанда, жануар амалын тауып қашып кетіпті. Иесі Ребекка Ли сүйікті серігін бірнеше апта іздегенімен нәтиже шықпаған. Алайда, мысығыңды көлік қағып кетті деген соң іздеуін тоқтатыпты. Енді міне, араға тура 6 жыл салып жануар үйіне қайта оралды.

Белгілі болғандай, мысықты қарт әжей асырап алған екен. Жуырда қарияның денсаулығы сыр беріп, оның туыстары мақұлықты жануарлар үйіне өткізіп жіберген. Сондағы мамандар қарғыбаудағы чипты тексеру кезінде мысықтың әуел бастағы иесін іздеп табады. Осылайша Хлои мен Ребекка Ли қайта қауышып, бір-біріне тез үйренісіп кетті.

Айта кетейік, биыл ақпан айында Ұлыбританияның Ноттингемшир графтығында да 14 ай бұрын жоғалып кеткен мысық табылған болатын. Үйінен қашып кеткен жануар тағам сататын дүкеннің маңында өмір сүрген. 1 жылдың ішінде оның салмағы екі есеге дейін өсіпті. Ол кезде де мысықтың табылуына қарғыбаудағы чиптің көмегі тиген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1113123-6-zhyl-buryn-iesinen-qashyp-ketken-mysyq-u/