ШҚО-да жалаң қолмен қасқыр ұстайтын азаматтың ерлігіне көпшілік таң қалуда (фото, видео)
Опубликовано:
Ердің жасы елуден асқан Ержан Қасымбеков Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылының тұрғыны. Бүгінде жалаң қолмен қасқыр аулайтын Ержанның есімі ШҚО халқына кеңінен танылған деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Аңшылық пен серілік Ержанның бойына әкеден қонған қасиет. Әкесі Жұмағазы ақсақал да аңшы, сөзге шешен, ауқатты адам болған көрінеді. Әкесінің ізін басқан ұлы да жалаң қолмен көкжал алып, жұрт аузында « Қасқыр Ержан» деп аталып кетті.
«Жастайымнан аңшы азаматтардың әңгімесін тыңдап өстім. Бала күнімде әкем атын ерттеп жатқанда бірге барғым келетін. Бірақ ертпей, үйге тастап кетеді. Бәлкім, жас болғандықтан беті қайтып қалар деп ойлайтын шығар. Көп ұзамай, Ақжайлауда қыстап отырған, серілігі елге жайылған Сәйдіғали ақсақал батасын берді. Ол кісі: «Бізден қалған дәстүрді сен жалғастырасың. Мен саған сенемін» деді. Бәрі осыдан басталды», - дейді Ержан Қасымбеков.
Азамат өзіне артқан үмітті ақтауға бел байлайды. Алғаш рет әкеден жасырынып, Қаражал тауына қақпан құрады. Сол тұзаққа көп кешікпей арлан түскен екен.
«Мен бұл кезде 15 жастамын. Оны қолмен буындыруға жүрегім дауаламады. Түсі сұсты аңмен бетпе-бет кезіккенім де алғаш болатын. Амалсыз сойылмен соқтым. Содан бастап жұрт арасында атым тарай бастады. Таңдай қаққан ауыл тұрғындары мінез-құлқыма қарап: «Қасқырды қасқырдай жігіт алды» деп дүрлікті. Негізі, халық айдар таққанға керемет қой. Бірден, «Қасқыр Ержан» атандым» , - дейді ержүрек азамат.
Ержан мырза бүгінге дейін қанша қасқыр ұстағанын нақты айта алмады. Санай бастаса есебінен шатасады екен. Қасқырды қарусыз ұстайтын Ержанға таң қалушылар көп. Тіпті, бұған сенбегендер арнайы іздеп келіп, ерлігін көзбен көреді екен.
«Мен оларды аяусыз қыра беретін жауыз емеспін. Малға тиіссе аямаймын. Қасқырдың ең осал жері - екі құлағы. Ұстаған кезде, қысқан жеріңнен жібермеу керек. Жалғыз кезіксе алдырмаймын. Ал үйірімен жүрсе, иттерім мен мылтығым серігіме айналады», - дейді Ержан Қасымбеков.
Жалаң қолмен қасқыр аулайтын Ержан Қасымбековтің тәбеті де жақсы. Ол мал сойып жатып, алақанның жартысындай шикі етті жұтып жібереді. Онымен қоса, бір шелек айран мен 30 жұмыртқаны да жұғым көрмейді.
Тағы оқыңыздар:
Алматы әкімдігіндегі аула сыпырушы қызметтік көлікпен сүйіктісін қыдыртып қайтты (видео)
Ақтөбеде әулие Валентин күнін тойлаған төрт қыз ауруханадан бір шықты (фото)
Бауыржан Байбек: Қазақтар еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда бай тұрады
Қазақстанға жиі келетін атағы жер жарған әлемдік жұлдыздар кімдер? (фото)
Жарты әлемді мойындатқан Димаштың бала кезіндегі сұхбаты елді сүйсінтті (видео)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1414861-shqo-da-zhalanh-qolmen-qasqyr-ustaytyn-az/