Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазаққа Қонаевтай тұлғаны сыйлаған өңірдің таңғажайып табиғаты (фото)

Опубликовано:

Алматыдан 300 шақырым жерде экстремалды, ал ең бастысы әлемде сирек кездесетін табиғаты таңғажайып мекен орналасқан. «National Geographic Қазақстан» журналы Іле өзені мен Балқаш көлін зерттеу үшін арнайы экспедиция жасады.

Балқаш – үлкендігі жағынан әлемде 14-орында тұрған таңғажайып көл. Ал оның ең басты кереметі – батысы мен шығысындағы судың химиялық құрамы екі басқа. Яғни, оның бір жартысы – тұщы болса, екіншісі ащы келеді.

Балқаштың тағы бір кереметі, оның шанағындағы су ешқайда ақпайды, тек булану арқылы табиғи тепе-теңдігін сақтап келеді. Буланған су құрамындағы тұздар мен минералдар аймақтың экожүйе­сін қажетті элементтермен қамтамасыз етіп отыр. Көл суының 80 пайызы Іле өзенінің үлесінде. Іле – ұзындығы 1439 шақырымдық (оның 624-і Қытай халық рес­публикасы аумағында жатыр), Қазақстандағы ең үлкен өзендердің бірі. Оған көршілес елдің Күнес, Қаш, Қазақстанның Шарын, Қорғас, Шелек, Түрген, Есік, Талғар, Қаскелең, Өсек, Күрті және Қазақстаннан шығып Қытай арқылы қайта ағып келетін Текес секілді арынды тау өзендері құяды.

Іленің бел ортасына «Қапшағай» қонған. Ол – ұзындығы 180, ені 22 шақырымға жақын еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі. Жыл өткен сайын көл жағасындағы туризм қарқынды дамытып келеді. Қоғамдық белсенділер кейінгі кездері Қапшағай қаласына Д.Қонаев есімін беру туралы бастама көтеріп жүр. Бұл ұсыныс әділетті де секілді, себебі аймақтағы күрделеніп кеткен мәселені шешу үшін 1970 жылы Дінмұхамет Қонаев «Қапшағай» су қоймасын салдырып, кейіннен жанына қала салып, жаңа ГЭС-ті іске қосқан болатын.

Алғашында су толтыру құрғақшылық кезеңіне сәйкес келіп, Балқаш көлінің деңгейі төмендеп кетті. Бірақ 1980 жылдардың аяғында суқойманы жоспарланған 28 000 емес, 18 000 текше шақырым деңгейінде қалдыруға шешім қабылданды да, Балқаш қайта қалпына келе бастады. Есесіне қазір «Қапшағай» су қоймасы экожүйені басқару кілтіне айналды. Сол арқылы мамандар Балқаштың су деңгейін қалыпты ұстап тұра алатын мүмкіндікке ие болды. Сондықтан бүгінде «Қапшағайды» болашақты барлаған, көреген жоба болды деп нық сеніммен айтуға болады.

Академик Рафик Чокиннің жобалауымен салынған өндірістік қуаты 364 МВт «Қапшағай» ГЭС-інің негізгі мақсаты – Алматы қаласы мен облыс аудандарының электр тапшылығын жабу. Соңғы жылдары Алматы облысының басшылығы мұнда балық шаруашылығы, әйнек зауыты, жел электр станциясы, т.б. жобаларды жандандырып келеді.

Аралтөбе ауылының маңында Іле өзенінен шығысқа – Жиделі, батысқа – Топар деп аталатын үлкен тармақтар бөлініп шығады да, ары қарай мың-сан майда ағыстарға бөлшектеніп кетеді. Сөйтіп, көлге құлар тұста ол 8 мың шаршы шақырымдық үлкен аумаққа жайылады. Дәл осы жайылманың ғылыми ­атауы «Іле өзенінің атырауы» деп аталады.

Іле өзені атырауының адамзатқа қаншалықты маңызды екендігін оның «Сулы-батпақты алқаптарды қорғау конвенциясы» (Рамсар, Иран 1999 ж.) тізімінде тұрғандығынан-ақ байқауға болады. Өзінің осынау табиғи қасиетінің арқасында Іле атырауы ылғал мол жылдары суды ­бойына сіңіріп, құрғақшылықта қой­науындағы қорын қайта жарату арқылы Балқаш көлінің деңгейін ғасыр­лар бойы бірқалыпта ұстап келеді. Мұнда әлі адам аяғы тимеген жерлер бар екен. Сондықтан да Қазақстанда сирек құстар мен жануарлардың ең қолайлы табиғи ортасы саналады. Іле атырауында флораның 427, фау­наның 345 түрі кездеседі: қарақұйрық, сусар, ақбас үйрек, қызылжемсаулы қарашақаз, сазан, көксерке, пілмай, көкбас, ақмарқа секілді сирек жану­арлар мен көшпелі жыл құстарының жұмақ мекені.

Арқар ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен күнелтеді. Нағыз рахат өмір осы кісілердікі ме дейсің. Жылқы-сиырын қалың қамыстың арасына айдап жіберсе, кешке қарай өздері-ақ торсиып тойып шыға келеді. Хайуан шіркін, қайық­қа мінуді білмейді ғой, сондықтан да ешқайда қашып кете алмайды. Жан-жақтың бәрі – су.

Соңғы жылдары тау мұздықтарының жылдам еруі етектегі елдің мазасын ала бастады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, егер мұздықтар осы қарқынмен ери берсе, Іле өзенінің құрғап қалу қаупі бар. Себебі, жазық өзендері – қардың, тау өзендері – мұздықтардың еруіне тікелей тәуелді. Бірақ география ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбай Дос­тайдың пікірінше: «Алатау мұздықтарының еруі су тасқынының жиілеуіне әсер етпейді. Мұздықтар жер беті мен жер асты бөліктерінен тұратындықтан тек жер беті мұздығының еруі белгілі бір уақыттарға дейін Іле суын көбейтуі мүмкін. Ал жер асты мұздықтары ерігенге ­дейін климат қайта суытып, мұздықтар қалпына келеді. Осылайша цикл қайталанады». Айтқан жерден аулақ дейміз, бірақ егер Іле атырауы жойылып кетсе, Балқаштың екінші Аралға айналуы әбден мүмкін…

Бұл даладан адам тілімен айтып жеткізе алмайтын ерекше бір энергетика сезіледі. Қанша дегенмен қазаққа, Дінмұхамед Қонаевтай ұлы перзентті берген өңір ғой!..

Материал Мақсат Ясыбайұлының мақаласынан қысқартылып алынды, Фото: Ерболат ШАДРАХОВ

Тағы оқыңыздар:

Моңғолияда 1000 бүлдіршін бір уақытта домбыра шертіп, ел сүйіспеншілігіне бөленді

Әуежайдағы құлағалы тұрған әжетхананың жағдайы жолаушының ашуын келтірді (фото)

Мәншүк Мәметова алаңында жазылған былғанышты сөздер оралдықтардың шамына тиді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1448070-qazaqqa-qonaevtay-tulghany-syylaghan-o/