Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Іс оңға басу үшін қандай әдеттерден аулақ болу керек?

Жарияланған күні:

Егер сіз жолыңызға бөгет болатын жағдайларды алдын-ала сезіп, оған жол бермеуге тырысуды үйренсеңіз, онда қолға алған қандай маңызды жұмыс болмасын, өнімділігі екі есе артады. Ендеше, іс оңға басу үшін қандай әдеттерден аулақ болу қажет? Бұл сұраққа ERNUR.KZ жауап береді.

Көрнекі фото: ERNUR.KZ
Көрнекі фото: ERNUR.KZ: Instagram

Баяулық, төзімнің әлсіздігі

Толық бір күнге жоспарланған жұмысты кейінге қалдыра беру жиіленіп, әдетіңізге айналып бара жатса, осы ұнамсыз әдеттен лажы барынша тезірек құтылуға асығыңыз. Ойға алған мақсатымыз бен қолға алған нақты іс-әрекетті ұдайы кейінге қалдыру арқылы біз тек қана өзімізді алдаймыз. Жоспарланған жұмысты қайтадан бастау одан да қиын болады. Барлығымызға мәлім, көбінесе, алғашқы қадамды басу қиын болады. Тәй-тәй басып келе жатқан сәбидегі «құлап қалмайын» деген қорқыныш ересек адамда да бар. Мұндағы айырмашылық өзіне таныс емес дүниеге тап болғанда, жаңа істі бастағанда қорқыныш міндетті түрде болады. Бірақ, қорқынышты сейілтіңіз, бұл уақытша сезім, алғашқы қадамды қойсаңыз, екіншісін басу соншалықты қиын болмайды.

Шамадан тыс күш жұмсау

Бір істі соңына жеткізу үшін қаншалықты көбірек күш жұмсасақ, нәтижесі де соғұрлым жақсы болатын сияқты түйіледі. Бірақ, бір күннің жоспарынан артық күш жұмсаймын деп басқа жағынан ақсап қалуыңыз мүмкін. Ең маңыздысы, көп істі тындырып, шала аяқтау емес, рет-ретімен сапалы жұмыс істеу. Бұл өзіңізге де қуаныш сыйлайды. Көп күш жұмсап, болдырып, шаршап қалсаңыз, істің сапасы да нашарлай түсетіні өтірік емес. Сондықтан, жұмыс істеуге деген құлшыныңыз біртіндеп бәсеңдей берері де сөзсіз.

Өткенге оралу

Жоспарыңыз әрдайым өзіңіз ойлағандай іске аса бермейді. Сәтсіздіктер де орын алуы мүмкін және сіз одан ешқайда қашып құтыла алмайсыз. Біреудің көңілін табу үшін өз ұстанымдарыңыздан (принцип) бас тарта көрмеңіз. Егер олай етсеңіз, бағыныштылық тұзағына түсіп қаласыз. Соңыра өз-өзіңізді айыптап, өткеніңізге еріксіз орала беретін боласыз. «Егер де мен бұлай жасамағанымда ғой...», «Мүмкін, мен былай етсем, жұмысым оңға басар ма еді?..» деген ойлар мазалайды. Мұндай жағдайда жүрсеңіз, әрине, күнделікті іс жоспарыңызды орындауға ынтамен, ықыласпен кірісіп кетуіңіз неғайбыл.

Дағдарыс

Істі жүргізу барысында әр түрлі жағдайлар болып тұрады. Сіз бастаған ісімді соңына дейін жеткіземін деп әрекет етуіңіз мүмкін, бірақ, белгілі бір себептерге байланысты жұмыс бел ортасынан үзіліп қалуы мүмкін. Немесе жұмыс орныңыз белгілі бір себептерге орай жабылып немесе іс уақытша тоқтап қалуы да ықтимал. Соңына жеткізе алмаған ісіңізді аяқтап тастамайынша, жаңа жұмысты бастауға да ынта-жігер байқала бермейді. Ең қиыны, қаншама күш-жігеріңізді жұмсағаныңыз, уақытыңызды сарп еткеніңіз өкінішіңіз болып қала бермек. Егер сіз жұмысыңыздың нәтижесі, жұмыс орныңыздың болашағы жайлы ақпараттарға қанық болып, оның сізге пайда әкелмейтіндігіне көзіңіз жетіп тұрса, өзіңізді ары қарай қинамаңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1816547-is-oga-basu-sin-kandaj-detterden-aulak-bolu-kerek/