Жапонияда алапат тайфун соқты. Адам шығыны бар (фото)
Опубликовано:
Жапонияда алапат "Хагибис" тайфуны соқты. Сұрапыл апат салдарынан 10 адам қаза болды деп хабарлайды ТАСС-қа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Кем дегенде 22 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында, 150-ге жуығы түрлі жарақат алған.
Жапония астанасындағы Ханэда мен Нарита әуежайларының жұмысы қайта жанданды. Алайда, көптеген бағыттағы теміржол қозғалысы әлі де тоқтап тұр. Жергілікті билік өкілдері бүгін көлік қозғалысын қалпына келтіруге уәде берді.

Басқаларына қарағанда, Нагано префектурасы апаттан едәуір зардап шекті. Ол жердегі Синано өзенінің суы тасып, көптеген аумақты басып қалды. Қазіргі уақытта жергілікті жедел қызмет өкілдері қорғаныс күштерінің жасақтарымен бірге құтқару жұмыстарын жүргізуде.

Жапонияның орталық аумағында 340 мыңға жуық үй электр жарығынсыз қалды. Сондай-ақ апат салдарынан бірқатар облыста су беру тоқтатылды.
Елдің премьер-министрі Синдзо Абэ бүгін министрлер кабинетінің шұғыл отырысын өткізіп, тиісті ведомстволарға адамдарды құтқару мен апат салдарын барынша азайту бойынша қажетті жұмыс атқаруды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1821881-zaponiada-alapat-tajfun-sokty-adam-sygyny-bar-foto/