Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адамның жазуы арқылы мінез-құлқын қалай анықтауға болатынын білесіз бе

Опубликовано:

жазу
Көрнекі фото: news.noteru.com

Графология – адамның жазуы арқылы оның мінез-құлқын, ерекшеліктерін анықтайтын психологияның бір саласы. Сонымен қатар адамның көңіл-күйі мен ойын салған суреті арқылы да білуге болады. Аталмыш сала кейде жазу арқылы танып білу деп те аталады. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап жазады.

Қолтаңба адамның ішкі көңіл-күйінің өзгеруін көрсетеді, дейді агенттікке сұхбат берген психолог Айгүл Лиясова.

Графология мәселесін 24 жылдан бері зерттеп келе жатқан маман адамның жазуына, құжатқа қоятын қолына қарап мінезін білудің қыр-сырын айтып берді.

"Психология – адамның жан дүниесін зерттейтін ғылым. Оның ішінде графология – жазба мен мінез-құлықтың байланысын зерттейді, алайда бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбеген сала. Графологияны зерттеу үшін бір күндік қана жазу жарамайды, ол үшін адамның толық бір дәптерін қарап шығу керек. Адамның мінез-құлқы да әртүрлі. Мұны тек жазуы арқылы ғана емес, сондай-ақ, жүріс-тұрысы, сөйлеген мәнерінен де байқауға болады", - дейді психолог.

Айтуынша, бұл сала әлі күнге дейін зерттеліп келеді, дей тұрғанмен адамның мінезін білу үшін, психикасына үңілу үшін әрбір психолог маман интуицияны пайдалануы керек. Кез келген психолог графолог бола алмайды.

"Адамдардың мінезі әртүрлі болатыны секілді, жазуы да бір-біріне ұқсамайды. Жазуларды қарап отырсақ, бір адамның екі күнде жазғанынан айырмашылық байқауға болады. Себебі бұл адамның көңіл-күйіне де байланысты. Соған қарамастан, бірқалыпты өмір сүретін адамдардың жазуы өзгермейді. Майда әріптермен жазатындар үнемшіл әрі тұйық келеді. Дөңгелетіп жазатындар қарым-қатынасқа тез түседі", - дейді Лиясова.

Әріпті үлкен етіп жазатындар кез келген жағдайға үстіртін қарайды, адамдармен тез тіл табыса алады. Өмірде ештеңені уайымдамайтын адамдардың жазуы да ірі болады.

"Кез келген әріптен қыр шығарып жазатындар өзімшіл келеді, домалақ әріптер пайдаланатындар мейірімді болады. Әріпті басып жазу – жігердің, шыдамдылықтың белгісі. Ондай адамдар көп жағдайда бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Ал салмақ түсірмей, көзге көрінбейтін етіп жазатын адамдар жігерсіз, ынжық болады. Олардың өзінің жеке пікірі болмайды, бойында бар қасиетін, талантын көрсете алмайды", - деп түсіндірді психолог.

Сонымен қатар қол қою адамның интеллект деңгейіне тікелей байланысты. Сол арқылы адамның қаншалықты білімді екенін, дүниетанымының қандай екенін білуге болады.

"Қолды қиындатып қоятын адамдар ешкіммен тіл табыса алмайды, көпшілік ортасына қосылмай, жалғыз жүретіндердің қолы ерекше болады. Қолды қысқа қою майда дүниелерді байқамайтын, көп сөйлемейтін адамдарға тән", - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін адам ағзасын ерте қартайтатын тағамдар туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1872832-adamny-zazuy-arkyly-minez-klkyn-kalaj-anyktauga-bolatynyn-bilesiz-be/

pixel