RU

Өзін әбден мезі еткен шыбынды өлтірмек болған зейнеткер үйін жарып жіберді

Шыбын
Фото: Getty Images

Францияда зейнеткер өзін әбден мезі қылған шыбынды өлтіремін деп өз үйінің жартысын жарып жіберді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Францияның Паркуль-Шено ауылында тұратын ақсақал түскі ас ішіп жатып, шыбынды байқап қалады деп жазады Daily Star басылымы. Сексен жасқа келген зейнеткер шыбыннан тез арада құтылуға тырысқан.

Soud Ouest басылымының мәліметіне сәйкес, зейнеткер жәндіктерді өлтіретін электрлі ракетканы қолына алады. Дәл сол уақытта үйіндегі газ канистрасы ашық қалып қойып, ол бөлмесі газға толып кеткенін байқамаған.

Нәтижесінде ракетканы іске қосқан сәтте ол газбен реакцияға түсіп, күтпеген жерден жарылыс болады.

Жарылыс салдарынан қарияның ас үйі қирап, шатыры опырылып қалған. Абырой болғанда, ақсақалдың өзі жарылыстан дер кезінде қашып үлгерген.

Үйсіз қалған қария жергілікті биліктің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Ал оның отбасы қарияның үйін қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен.

Жарылыс кезінде шыбынның зардап шеккен-шекпегені әзірге белгісіз.

Еске салсақ, бұған дейін біз Таиландта кафеден кофеге тапсырыс берген жігіт сусыннан тарақан тауып алғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Ресейде ақ халаттылар өзін нашар сезінген науқастың асқазанынан тірі жыланды алып шыққанын жазған едік. Белгілі болғандай, бауырмен жорғалаушы жануар әйелдің өз үйінің ауласында ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, оның аузына кіріп кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1872910-zin-bden-mezi-etken-sybyndy-ltirmek-bolgan-zejnetker-jin-zaryp-ziberdi/