Ұзақ өмір сүру үшін күнделікті қанша уақыт ұйықтаған дұрыс
Жарияланған күні:
АҚШ ғалымдары ұзақ өмір сүру үшін күнделікті ұйқыны қандырып отырудың маңызды екенін айтуда. Олар дұрыс ұйқы қанша уақытқа созылуы тиіс екенін анықтады деп жазады РИА Новости.
АҚШ-тың Луизиана штаты Жаңа Орлеан қаласындағы Тулейн университетінің ғалымдары ұйқының ұзақтығы жүрек жеткіліксіздігінен қорғану үшін өте маңызды екенін ескертіп отыр.
Олар зерттеу жүргізе отырып, ұйқысы қанып жүрген жандарда жүрек ауруы сирек кездесетінін анықтаған.
Зерттеушілердің сөзіне сенсек, адамдар дені сау болуы үшін әр түнде жеті-сегіз сағатқа дейін ұйықтауы керек. Ғалымдар 37 мен 73 жас аралығындағы 408 802 адамға сараптама жасай келе, осындай қортынды жасаған.
Зерттеуге алынған адамдардың 5 221-іне жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған екен. Олардың дені ұйқысы нашар болғанын айтқан: кейбірі ұйқысыздықтан зардап шексе, енді бірі түнде ұйқыдан оянып кетуді немесе аз ұйықтауды әдетке айналдырыпты.
Бұған дейін Қытайдағы Гуанчжоу медициналық университетінің ғалымдары күндіз бір сағаттан артық ұйықтау қауіпті деген тұжырым жасаған еді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, күндізгі уақытта бір сағаттан артық ұйықтайтын адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі 34% -ға және түрлі себептерден болатын өлім қаупі 30% -ға жоғарылаған екен.
Еске салсақ, бұған дейін түстің не себепті есте қалмайтынын жазған болатынбыз.
Одан бөлек, Нидерланд елінің тұрғындары күйзелістен арылу үшін сиырды құшақтауды ұсынғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1885198-zak-mir-sru-sin-kndelikti-kansa-uakyt-jyktagan-drys/