RU

COVID-19-дың антиденелерге қарсы тұра алатын мутацияға ұшыраған түрі анықталды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Ғалымдар коронавирустың антиденелерге қарсы тұра алатын мутацияға ұшыраған жаңа түрін анықтағанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл ақпаратты Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы Telegram-арнасында ұсынды.

"Фред Хатчинсон атындағы онкологиялық зерттеулер орталығының мамандары індетпен күресу мақсатында дайындалған антиденелерден жалтарыла алатын SARS-CoV-2 мутациясын анықтады. Тәжірибе ретінде ғалымдар, науқастарға мамандандырылған терапия аясында берілетін үш моноклоналды антиденелердің байланысын болдырмайтын барлық мүмкін болатын COVID-19 мутациясын картаға түсірді.

Осы мутациялардың бірі - антиденелердің бүкіл "коктейлінен" жалтарса, ал басқалары үш антидененің біреуінен селективті түрде жалтарыла алды.

Ғалымдар бұл өзгерістердің кейбіреулері COVID-19 жұқтырғандарда кең таралғанын және антиденелердің барлық жиынтығына қарсы тұратын мутация Нидерланды мен Данияда табылғанын атап өтті", - делінген жазбада.

Еске сала кетсек, АҚШ-тағы Ла Хойя иммунология институтының мамандары бірнеше ай зерттеу жүргізіп, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың ағзасында иммунитет сегіз ай немесе одан да ұзақ уақыт сақталуы мүмкін екенін анықтаған еді.

Сонымен бірге Ұлыбритания ғалымдары коронавирусқа қарсы иммунитет бұған дейін бұл дертпен ауырмаған науқастардың ағзасында да қалыптасуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1888045-covid-19-dy-antidenelerge-karsy-tra-alatyn-mutaciaga-syragan-tri-anyktaldy/