RU

Ұлыбританияда екі жатыры бар келіншек бірден үшемді дүниеге әкелді

Нәресте
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұлыбританияда ағзасында екі жатырдың пайда болуына себеп болатын туа біткен кемістігі бар әйел үшемді дүниеге әкелді. Келіншек бір жатырында егізді, тағы бір баланы екінші жатырында көтерген деп жазады Lenta.ru.

32 жастағы Мелани Бассеттің бұған дейін екі баласы болған. Дәрігерлер оған үшемге жүкті екенін айтқан кезде келіншек қатты таңырқаған.

Мелани 2016 жылы тұңғыш қызына аяғы ауыр кезде өзінің патологиясын біліпті. Екі жылдан кейін ол тағы жүкті болып, ұл бала босанған.

Дәрігерлердің сөзінше, екі жатыры бар әйелдің үшемді көтеріп, босану мүмкіндігі миллионның біреуінде ғана болады.

Осылайша, Бассет аман-есен босанған Ұлыбританиядағы алғашқы әйел болып отыр.

Әйелдің сөзінше, үшем бір мезетте қимылдаған кезде өзін жайсыз сезінген. Дегенмен бірден көпбалалылар қатарына қосылған отбасы бақытты.

"Біз расыменде Рождествоны асыға күтеміз. Оларды мереке күні таңертең көргіміз келеді", - дейді Бассет.

Еске сала кетсек, АҚШ Флорида штаты Уэст-Палм-Бич қаласының тұрғыны бір жылда екі рет егіз босанған еді.

Келіншек 2019 жылдың наурыз айында егіз баланы дүниеге әкелген. Ал араға екі ай салып тағы да аяғы ауыр екенін білген. Осылайша жыл соңында тағы екі балаға өмір сыйлаған.

Айта кетсек, Сингапурда аяғы ауыр әйел коронавирусқа қарсы антиденесі бар баланы өмірге әкелді.

31 жастағы Селин Нг-Чанға жүктіліктің оныншы аптасында COVID-19 диагнозы қойылған.

7 қарашада келіншек Олдрин есімді ұл баланы дүниеге әкелген. Нәрестенің ағзасында коронавирусқа қарсы антидене болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1890805-lybritaniada-eki-zatyry-bar-kelinsek-birden-semdi-dniege-keldi/