RU

Ешбір байланыссыз коронавирус жұқтырудың әдісі анықталды

Тәжвирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Оңтүстіккореялық зерттеушілер көпқабатты үйлердің тұрғындары коронавирусты желдету арқылы жұқтыруы мүмкін деген тұжырым жасады деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ғалымдар жүргізген зерттеу барысында бір үйдің әртүрлі қабатында тұратын адамдар ешбір байланыссыз-ақ COVID-19 жұқтырғанын анықтаған.

Олардың айтуынша, тұрғын үйдің алтыншы қабатында тұратын әйелден, содан кейін оның отбасынан коронавирус табылған екен. Көп уақыт өтпей вирусты төртінші, оныншы және 11-қабат тұрғындары жұқтырыпты.

Бір қызығы індет жұқтырғандардың барлығы ешқашан бір-бірімен байланыста болмаған. Ал пәтерден тыс жерде үнемі бетперде тағып, қорғанып жүрген.

Тіпті, олардың арасында екі адам тұрғын үйде ешқашан лифт қолданбаған көрінеді. Солай бола тұра, індет жұқтырған.

Осыдан кейін ғалымдар барлық пәтерлердегі жалпы желдету адамдардың инфекция жұқтыруының себебі болды деген қорытындыға келді. Вирус жуынатын бөлмедегі желдеткіш арқылы берілуі мүмкін дейді олар.

Естеріңізге сала кетсек, әлемде коронавирусқа қарсы вакциналар көбейіп келе жатқанына қарамастан, ғалымдар әлі де ауруға дәрі-дәрмектің көмегінсіз қарсы тұрудың жолын іздеп жатыр.

"Московский комсомолец" басылымының мәліметінше, бұны ғалымдар коронавирустың адамзатқа болашақта да қауіп төндіретінімен байланыстырып отыр. Сол себепті әр елдің ғалымдары инфекцияның алдын алып, таралу қаупін азайтудың жолын іздеуде.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1891129-esbir-bajlanyssyz-koronavirus-zktyrudy-disi-anyktaldy/