RU

Дәрігер жаңажылдық дастарқанның басты бес ережесін атады

Жаңа жыл
Көрнекі сурет: CC0 / Jill Wellington

Диетолог маман Жаңа жыл кешінде қалай дұрыс тамақтану керектігін айтып берді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Диетолог маман Ирина Дядикова жаңажылдық дастархан әзірлеу кезінде бірінші кезекте дәстүрлі салаттардың құрамын өзгертуге кеңес берді.

Мәселен, "Оливье" салатына дүкеннен алынатын дайын шұжықтың орнына тауық төсін немесе сиыр етін қосуға болады.

"Ал қызылша, картоп, сәбіз, жұмыртқа және балықтан әзірленетін салатты картоп орнына алмамен жасаған жөн. Екіншіден, салатқа майонезбен емес, сұйық май, лимон және жұмыртқа сарысынан жасалған қоспамен дәм беруге болады", - деді Ирина Дядикова.

Одан бөлек, дәрігер жаңажылдық жеміс саналып кеткен мандаринді көп жемеуге кеңес беруде. Себебі оның шырынын көп мөлшерде тұтыну зиян. Маман орнына жүзім мен жаңғақ жеген дұрыс екенін айтуда.

Сонымен қатар Дядикова алма қосылған үйрек әзірлеуге болатынын алға тартты. Ол алманы үйректің ішіне емес, жанына қойып пісірген әлдеқайда пайдалы әрі дәмді болатынын сөз етті.

Тағы бір ереже - жаңажылдық дастарқанда тұздалған, маринадталған өнімдер, мейлінше, аз болуы тиіс. Тұз бен уксус көп болса, бет пен дене ісініп кетуі мүмкін деп ескертті маман.

Еске салсақ, бұған дейін Жаңа жылдың ерекше символына айналған мандариннің адам денсаулығына тигізер зияны мен пайдасы қандай екенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1891212-driger-zaazyldyk-dastarkanny-basty-bes-erezesin-atady/